80 жастағы ақсақал прокурордың көлігін өртеді деген күдікке ілінді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы Хромтау қаласының тұрғыны Қадыржан Салдықбаев 80 жасында алғаш рет полиция қызметкеріне түсініктеме берді. Облыстық Ішкі істер департаментінің тергеушілері Хромтау аудандық прокурорының көлігі өртенуіне байланысты бірер ай бұрын сотталып кеткен полиция қызметкерлерінің ата-аналарынан түсініктеме алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Немерем Сырым Қадыржанов Хромтау аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс істеп, өткен жылдың соңында «күдіктіге күштеп айыбын мойындатты, ұрды, дене жарақатын салды» деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ол үш жыл бойы мемлекеттік, құқық қорғау саласында жұмыс істей алмайды. Содан кейін аудандық прокурордың көлігі өртеніп, ол іске біздің қатысымыз бар деген күдікпен түсініктеме алынды. Облыстық ішкі істер департаментінен келген тергеуші «машинаны көрдің бе, қандай көлік, қалай өртенген» деген сұрақтарды қойды. Үйде отырған шал-кемпірге ол неге керек? Менен, үйдегі келінімнен түсініктеме алды»,- дейді Қадыржан Салдықбаев.
 

Аудан орталығында тұратын ақсақалды қолдауға бүгін түрмеге қамалған Батырбек Бахрадиновтың туысы Нұржан Өксікбаев та келді. Ол прокурор көлігінің өртенуіне ақсақалдың еш қатысы жоқ деп отыр.  

«Көліктің өртенгенін естіген кезде бәрі аң-таң болды. Ал 80 жастан асқан ақсақалдан түсініктеме алғанда есімізді жия алмай қалдық. Бұл кімнің ойына келіп жүрген іс екенін білмейміз. Оларға не керек? Өш алу ма бұл?» - дейді Нұржан Өксікбаев.

Күдікке іліккен Қадыржан Салдықбаев істің соңы немен аяқталатынын білмей отыр. «Қорыққанда қайда барып тығыламын? Соттаса, отырып шығамын», - деді ол.