800-ге жуық тұрғын химиялық улы заттан зардап шекті

АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат -АҚШ-тың Батыс Вирджиния штатының 800-ге жуық тұрғыны химиялық заттан зардап шекті.

Денсаулық сақтау департаменті өкілдерінің айтуынша, барлығының жүрегі айнып, басы зеңіп, денелерінде бөртпелер пайда болған.

Естеріңізге сала кетейік, 9 қаңтарда Чарльстон қаласындағы химиялық зауыттан өзенге метилциклогексан ағып кеткен болатын. Артынша улы зат қалалық су тартатын жүйелерге қосылған. Соның салдарынан 300 мың тұрғын ауыз сусыз қалды. Осыған орай, Батыс Вирджиния штатының бірден 9 округінде төтенше жағдай жарияланған. Ел президенті Барак Обама төтенше жағдай кезінде Басқару жөніндегі федералдық агенттікке тұрғындар мен жергілікті билікке барлық қажетті көмекті көрсетуге бұйрық берді. Қазіргі таңда апатты аймаққа 1,4 миллион литр ауыз су жеткізіліп, оны тарату бекеттері құрылған, деп жазады 24.kz.