Прокурордың айтуынша, сот тергеуі барысында Оспанованың азаматтарды «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бар деген желеумен жаңылыстырғаны толық дәлелденген. Айыптау нұсқасы бойынша, ол осы схема арқылы 81 азаматтың атына банк несиелерін рәсімдетіп, қаражатты өз бақылауындағы есепшоттарға аудартқан.
Мемлекеттік айыптаушы сотта Оспанованың тағылған айыпты толық мойындағанын атап өтті. Оның айтуынша, сотталушы жәбірленушілерден түскен қаражатты бұрынғы қаржылық міндеттемелерін өтеуге, қарыздарын жабуға және басқа да шығындарға жұмсағанын растаған. Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігінің кейінгі клиенттердің есебінен бұрынғылар алдындағы міндеттемелерді өтеуге бағытталғанын көрсеткен.
Прокурордың сөзінше, сотта жауап берген 81 жәбірленушінің айғақтары өзара сәйкес келеді және алаяқтықтың бірыңғай механизмін көрсетеді. Олар Оспанованың кеңсесіне мемлекеттік бағдарлама арқылы төмен пайызбен несие рәсімдеуге болады деген жарнамалар мен ұсынымдар негізінде жүгінгендерін айтқан. Кейін олардың атына банктік несиелер рәсімделгенімен, қаражат өздеріне берілмеген.
Сот барысында жауап алынған куәлар компания қызметкерлері де барлық ұйымдастыру жұмыстарын, қызметкерлерге тапсырма беруді және қаржылық шешімдерді Оспанованың өзі қабылдағанын көрсеткен. Олардың айтуынша, өздері тек техникалық және ұйымдастырушылық міндеттерді орындаған әрі клиенттердің қаражатының кейінгі қозғалысы туралы ақпаратқа ие болмаған.
Мемлекеттік айыптаушының пікірінше, жәбірленушілердің, куәлардың, сондай-ақ сотталушының мойындау жауабы мен іс материалдарындағы жазбаша дәлелдемелер Оспанованың кінәсін толық дәлелдейді.
Осыған байланысты прокурор соттан Меруерт Оспанованы Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілемеуді және несиелеу саласында қызмет көрсетуге байланысты лауазымдарды 10 жыл бойы атқару құқығынан айыруды сұрады.
Сонымен қатар сотталушының кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабы негізінде жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыруды ұсынды.
Айта кетейік, Қостанай тұрғыны 30 млн теңгеге алаяқтық жасағаны үшін сотталды.