81 жастағы марафоншы Салтанат Түйтебаев Еңбек ардагері атанды

АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев халықаралық марафондарда ел намысын қорғап жүрген ардагер спортшы Салтанат Түйтебаевқа «Еңбек ардагері» төсбелгісін табыстады.

Фото: Туризм жəне спорт министрлігі

Министрлік мәліметінше, 81 жастағы марафоншы жуырда Кейптаун қаласында өткен халықаралық марафонда үздік ондық қатарына енген.

Кездесу барысында Салтанат Түйтебаевтың ұзақ жылдық еңбегі мен спортқа деген адалдығы өскелең ұрпаққа үлгі екені атап өтілді.

– Сексеннің сеңгіріне сергек жетіп, ұзақ қашықтықтағы марафонды бағындыруыңыз – үлгі тұтарлық жетістік әрі еліміз үшін зор қуаныш. Себебі саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың жарқын көрінісі сіздің болмысыңыздан айқын байқалады. Бұған дейін де бірнеше мәрте жүлделі орындардан көрініп келесіз. Осы арқылы табандылық пен қажырлы еңбектің нақты үлгісін көрсетіп, көпшілікке өнеге болдыңыз, – деді Серік Жарасбаев.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Салтанат Түйтебаев 1945 жылы Мойынқұм ауданы дүниеге келген.

Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, мектеп директоры, білім бөлімінің инспекторы және кәсіптік-техникалық училище басшысы қызметтерін атқарған.

Ардагер спортшы соңғы жылдары халықаралық марафондарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Ол Сингапур, Дубай, Доха, Анталия, Малага және Амстердам қалаларында өткен халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған.

2016 жылы Перт қаласында өткен әлем чемпионатында 70 санатында күміс жүлде иеленсе, 2017 жылы Окленд қаласында өткен Ардагерлер олимпиадасында чемпион атанған.

Сондай-ақ 2021 жылы Нью-Йорк марафонында 75 жас санатында екінші орын алған.

Айта кетейік, 80 жастағы астаналық марафоншы жарақатына қарамастан Кейптаунда мәреге жетті.