82 жастағы бапкер: Волейболда легионерлерге емес, жергілікті жастарға көңіл бөлуіміз керек

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалық бапкер Жаңабек Алтынбеков алпыс жылға жуық өмірін жастарды волейбол спортына баулуға арнаған. Сексеннің екеуіне келген қария әлі де сүйікті ісінен қол үзе қойған жоқ. Бүгінде бапкерлік қызметті жастарға сеніп тапсырса да, түрлі жарыстарда оларға кеңес беруге көңіл бөліп жүр. Kazinform тілшісі бапкермен әлемде және еліміздегі волейбол спортының дамуы жөнінде ой бөліскен еді.

Фото Жаңабек Алтынбековтың жеке мұрағатынан

— Әлемде волейбол спорты қалай бағаланады? Әлем чемпионаты мен Олимпиадада қазақстандық волейболшылар неге ойын көрсете алмай келеді?

— Дүние жүзінде волейбол жоғары бағаланады. Олимпиада ойындары күнтізбесінде аталған спорт түрі де бар. Онда дүние жүзіндегі тәжірибелі құрамалар бақ сынайды. Өкініштісі, олардың қатарынан қазақстандық волейболшылар көрініп жүрген жоқ. Бұл орайда еліміздің көптеген командасында шетелдік ойыншыларға ерекше көңіл бөлінетінін айта кету керек. Салдарынан жергілікті жастар тасада қалып жатады. Сондықтан әрбір өңірде волейболды дамытуға көңіл бөлгені артық емес.

Волейболдың ерекшелігі көп. Бұл спорт түрімен айналысқан адам биікке секіруді шебер меңгеріп, мықты реакция көрсетуді жетілдіреді. Оның атауының өзі қалқып ұру дегенді білдіреді. Волейбол үнемі қозғалысты, шымыр болуды қажет етеді. Ең бастысы, оған деген қызығушылық болса деймін. Нақтырақ айтқанда, волейболда шетелден келген ойыншыларға емес, жергілікті жастарға көңіл бөлсек деймін.

— Елімізде волейбол спортын өз деңгейінде дамытуға не кедергі?

— Шынын айтқанда, ең алдымен оған ниет болуы тиіс. Әзірге осы жағы ақсап тұрған жайы бар. Оған көп қаржының да қажеті шамалы. Тіпті, оны ауыл-ауылда дамытуға болады. Жергілікті жастарды баулып, шеберлігін жетілдіруге көңіл бөлсек, талай талантты өрендердің шығуына мүмкіндік туар еді. Қазір көп ауылда спорт кешендері бой көтеріп жатыр. Оның қатарына мектептердегі спорт залдарын қосыңыз. Қысқасы, елімізде волейболды дамытуға мол мүмкіндік бар. Жарыстарды жиі өткізіп тұрсақ, спортшылар шеберлігін жетілдіре түсер еді. 

— Өз шәкірттеріңіз жайында не айтасыз? Олардың арасында сеніміңізді ақтағандар бар ма?

— Шәкірттерімнің бәрі сол талаптың үдесінен шығып келеді. Отыз жылға жуық уақыт ішінде шәкірттерім облыстық деңгейде қаншама жарысқа қатысты. Небәрі екі мәрте ғана жеңіс тұғырынан көріне алған жоқпыз. Қалғанында қарсылас шақ келмеді. Облыс құрамасы сапында республикалық жарысқа қатысқан шәкірттерім де баршылық. Кейіннен олардың арасында кәсіби деңгейде ойнағандар бар. Еліміздің көптеген клубының намысын қорғап, аймақ абыройын асқақтатты. Осындай жетістіктерге жеткен шәкірттеріммен мақтанамын.

2014 жылы мен жетекшілік еткен команда оқушылар арасындағы жарыста жүлдегерлер қатарынан көрінді. Кейінгі жылдарда облыстың ересектер құрамасына да тәлім беріп, шынықтырдым. Байқоңыр қаласында өткен халық ойындары жарысында чемпион және жүлдегер атанды. Облыстық жарыста бес дүркін жеңіс тұғырынан көрінді. 

Толағай табысқа жетуімізге Әсет Медеуов, Абзал Жақапбаев, Жансерік Әбдуайтов сынды көптеген шәкіртім үлкен үлес қосты. Ешқайсысын бөліп-жармаймын. Десе де жеке-дара шеберлігімен көзге түскендер қатарында Әсет пен Абзалды айта аламын. Ал Жансерікті бір өзі жарты команда деп бағаласақ та жарасады.

Фото Жаңабек Алтынбековтың жеке мұрағатынан

— Облыста волейбол спортының өркендеуіне ағаңыз Тұрғанбек Алтынбеков үлкен еңбек сіңіргенін білеміз. Сіз де сол істің басы-қасында жүргеніңізді ұмыта қойған жоқпыз. Өзіңізді волейболға баулуға ағаңыз әсер еткен шығар… 

— Рас, Тұрғанбек ағамыз өзінің бастамасымен команда құрды, шәкірт тәрбиеледі. Тоспадоптың төрге озуына қосқан үлесі аз емес. Мен де ұстаздық қызметімде қаншама шәкіртімді тәрбиеледім. Қазірдің олардың саны қаншама. Осының арқасында олар сергектікті серік етті. Жаман әдетке бой алдырған жоқ. 

Мен Түркістан өңірінде дүниеге келгенмін. Ағам менің волейбол ойнайтынынымды байқап жүреді екен. Ол уақытта аулдағылар волейболға таңырқай қарайды. Айтпақшы, біздің әулетке волейболшы Октябрь Жарылқаповтың туыстық жақындығы бар. Ол кісі Тұрғанбек ағамды волейболға баулыған көрінеді. Осындай күндердің бірінде Тұрекең маған доп әкеліп берді. Сол кезден бастап тоспадоп өнерін жанына серік еттім. Оның әдіс-тәсілін жетік меңгеруге ерекше ықылас таныттым. 

Ол уақытта Тұрғанбек ағам институтта волейболдан үздіктер қатарынан көрініп жүретін. Маған сыйға берген добы волейболға қызығушылығымды одан әрі арттыра түсті. Бұл шамамен 1955-1956 жылдардың шамасы болуы керек. Сабақтан қолым бос уақытта волейболдың әдіс-тәсілін үйренуге шындап ден қойдым. Тіпті, ауыл арасында өткен жарыстарда командамыз алдыңғы орындардан көріне бастады. Мені ұстаздарым мақтайтын болды. Ауылдағы мектепті бітіргеннен кейін білімімді Түркістандағы онжылдық мектепте жалғастырдым. 

— Жоғары оқу орнында дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алған шығарсыз…

— Мектеп бітіргеннен кейін Н. В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына білім алуға келдім. Ол уақытта институтта дене шынықтыру факультеті жоқ екен. Мен үшін басқа таңдау жоқ еді. Жаратылыстану мамандығы бойынша білім алуыма тура келді. Соған қарамастан волейболмен шұғылдануды жалғастыра бердім.
Алғашқы еңбек жолымды Қызылорда қаласындағы № 171 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде бастадым. Білім ордасында еңбек еткен сегіз жылдан астам уақытта жас өрендерді спортқа баулыдым. Оның ішінде волейболға қызығушылық білдірген оқушылардың шеберлігін жетілдіріп, біраз жарысқа алып бардым. Арада сегіз жылдай өткенде қазіргі Абылайхан атындағы № 140 орта мектепке дене тәрбиесінің мұғалімі болып қызмет ауыстырдым. Оқу ордасында отыз жылдан астам жемісті еңбек еттім. Оқушылардан команда жасақтап, облыстық және қалалық сайыстарда бақ сынадық.