82 жастағы миллиардер Сорос үйленетінін жариялады

АСТАНА. 12 тамыз. ҚазАқпарат - Атақты қаржыгер және миллиардер Джордж Сорос өзінің 82 жасқа толуын мерекелеу кезінде 40 жастағы Тамико Болтонға үйленетінін жариялады, деп жазады Утро.ру.

Бұл Сорос үшін үшінші, ал оның қалыңдығы үшін - екінші некелесу болмақ. Сорос Болтонға Graff  фирмасының платинадан жасалып, гауһар қондырылған қызғылт алтын неке сақинасын сыйға тартты. Алдағы үйлену тойы болатын күн әзірге хабарланған жоқ.

Сорос пен Болтон 2008 жылғы көктемде танысқан болатын. Атақты инвестордың қалыңдығы бұрын Интернетте тамақ қоспаларын сатумен айналысты, ал қазір йога онлайн-сабақтарын ұсынатын компанияға иелік етеді.

Қаржыгер Соростың шын аты - Дьердь  Шорош, ол 1930 жылы 12 тамызда Будапештте жергілікті еврей қауымының көшбасшысы Тивард Шварцтың отбасында дүниеге келді. 1936 жылы Шварцтың отбасы тегін Шорош деп өзгертті. Кейбір ғұмырнамашылар сөйтіп еврей отбасы нацистер тарапынан қуғыннан сақтанғысы келген болуы керек, деп пайымдайды. 1947 жылы Шороштар жалған төлқұжатпен Ұлыбританияға қоныс тепті, онда Джордж (ол да есімін ағылшынға өзгертті) Лондон экономика мектебіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітірді.

Оның мансаптық самғауы 1956 жылы басталды, сол кезде оның лондондық достарының бірінің әкесі Джорджды Уолл-стриттегі брокерлік кеңсесіне шақырды. Қаржыгер бағалы қағаздарды бір елден екіншісіне алып-сатумен айналысты. Оның ісі ойдағыдай жүріп жатты, Сорос компанияның вице-президентіне дейін көтерілді, ал 1967 жылы өзінің бастығына оффшорлық аймақта инвестициялық қор ашу жөнінде жаңа жоба ұсынды, ал өзі оны басқаратын болды. Екі жылдан кейін ол компанияның басшысы және Double Eagle хедж-қоры иегерлерінің бірі болды. Ол кейіннен Соросқа байлық пен даңқ әкелген атақты Quantum Group компаниясына айналды.