87 елордалық оқушы Президенттік олимпиадаға қатысады

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - Астанада жалпы білім беру мектептерінің 11-сынып оқушыларының арасында математика, физика, химия және биология пәндерінен Президенттік олимпиаданың І кезеңі болып өтті. Бұл туралы astana.kz сайтына «Астана Дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығынан хабарлады.

Олимпиадаға елордалық мектептерден 87 оқушы қатысады. Интеллектуалдық жарыс ІІ турмен өтеді. Олардың әрқайсысында балалар 4 пән бойынша, атап айтқанда, математика, физика, химия және биологиядан тапсырмалар орындау керек. Екінші кезеңде ең көп балл жинаған 20 оқушы республикамыздың барлық өңірінде бір уақытта ҚР БҒМ интерактивті студиясы желісі арқылы ұйымдастырылатын Президенттік олимпиаданың келесі кезеңіне өтеді.

Президенттік олимпиаданың негізгі мақсаты мен міндеттері дарынды оқушыларды анықтау үшін, олардың ары қарай дамуына және кәсіби бағытын табуына қолайлы жағдай жасау, оқушылардың жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді оқуға қызығушылығын ояту, сондай-ақ теориялық білім мен практикалық шеберлікті тереңдету болып табылады. Олимпиаданың Тұңғыш Президент күніне орайластырылған соңғы кезеңі желтоқсан айында Теміртау қаласында өтеді.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 2008 жылғы 3 шілдеде жаратылыстану-математика дисциплиналары саласында дарынды жастарды қолдау және одан әрі дамыту мақсатында 11-сынып оқушыларының арасында математика, физика, химия және биология пәндерінен Президенттік олимпиада өткізуді тапсырған болатын.