9 айда 16,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің 18 өңірінде құрылыс жұмыстарының оң серпіні байқалады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

- Құрылыс жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр. Құрылыс жұмыстарының өсуі 10,3 пайызды құрады. Өсудің жоғары көрсеткіші Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысы, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы, сондай-ақ инженерлік желілерді модернизациялау бойынша төрт ауқымды бастамасын іске асырудың арқасында қамтамасыз етілді, - деді ол.

Вице-премьердің мәліметінше, оң серпін 18 өңірде тіркелді. Бұл ретте құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Қызылорда, Қарағанды, Жетісу және Түркістан облыстарында, өұрылыс жұмыстарының төмендеуі Атырау және Маңғыстау облыстарында байқалады.

- Биыл қаңтар-қыркүйекте 16,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 8,3 пайызға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Шымкент қаласында, сондай-ақ Павлодар, Түркістан, Ұлытау және Қызылорда облыстарында тіркелді», - деді Нұрлан Байбазаров.