9 айда мемлекеттік органдар 2,2 трлн теңгенің тапсырысын бір көзден сатып алған

Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің мәліметі бойынша 9 айда мемлекеттік органдар 2,2 трлн теңгенің лотын бір көзден сатып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ҚазАқпарат

«2021 жылы бір көдден сатып алу тәсілі арқылы 2,7 трлн теңгенің 955 мың 301 келісімшарты жасалды. 2022 жылы осы тәсілмен 2,2 трлн теңгенің 274 мың 312 келісімшарты жасалды. 2023 жылдың 9 айында бір көзден сатып алу әдісімен 2,2 трлн теңгенің 151 мың 671 келісімшарты бекітілді», - делінген комитет ұсынған деректе.

Бұл мәліметтен бір көзден сатып алу арқылы жасалатын келісімшарттадың саны 3 жылдың ішінде екі еседей азайғанын көруге болады. Бірақ келісімшарттардың саны азайғанымен сомасы азаймаған. Тіпті биылғы 9 айдың қорытындысы былтырғы 12 айдың көрсеткішіне теңесіп үлгерген.

Комитет 9 айда жалпы сомасы 10,1 трлн теңге болатын 353 мың 111 лотқа камералдық бақылау жүргізген. Яғни, комитет назарына алынған 10,1 теңгенің 2,2 трлн теңгесі бір көзден сатып алынған. Сондай-ақ, камералдық бақылау кезінде 1,1 трлн теңгенің заңсыздығы анықталған.

«Көбінесе бұзушылықтар денсаулық сақтау, білім беру және құрылыс салаларында анықталады. Министрліктер арасында бұзушылықтарды анықтау минималды, өйткені олар сатып алудың негізгі ұйымдастырушылары емес»,- дейді Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасының орынбасары Ренад Ахметов.