9 қараша. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 9 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Pexels

Оңалсын ЖҰМАБЕКОВ, Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері

Фото: altynqor.com

1948 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1974 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1966–1969 жылдары Талдықорған облысы Ақсу ауданындағы «Жаңақоғам» кеңшарында жұмысшы болып еңбек етті. 1974–1980 жылдары Әуезов ауданы прокуратурасында тағылымдамадан өтіп, кейін тергеуші қызметін атқарды. 1980 жылы Қазақ КСР прокуратурасының тергеу басқармасының прокуроры болды. 1980–1983 жылдары Қазақ КСР прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі көмекшісі қызметін атқарды. 1983–1985 жылдары Алматы қаласы прокуратурасының Фрунзе ауданының прокуроры, ал 1985–1990 жылдары Алматы облысы прокурорының орынбасары болды. 1990–1994 жылдары Маңғыстау облысының прокуроры, 1994–1996 жылдары Алматы облысының прокуроры қызметін атқарды. 1997–2003 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары, 2003–2005 жылдары Қазақстан Республикасының Әділет министрі болды. 2005–2007 жылдары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, 2007–2008 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2008–2012 жылдары Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы болды. 2012–2016 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V шақырылым депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі қызметін атқарды.

Мұрат МАЙКЕЕВ, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің бастығы

Фото: lyceum-arystan.kz

1959 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1980 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, 1994 жылы М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны, 2014 жылы Беларусь Республикасы Әскери академиясының Бас штаб факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1983–1987 жылдары мотоатқыштар ротасының командирі болды. 1987–1991 жылдары мотоатқыштар батальоны штабының бастығы әрі командирдің орынбасары, кейін батальон командирі қызметтерін атқарды. 1994–1998 жылдары Қазақстан Республикасы Республикалық ұланының батальон командирі, бригада командирінің орынбасары және полк командирі болды. 1998–2002 жылдары мотоатқыштар дивизиясы командирінің орынбасары, кейін дивизия командирі қызметін атқарды. 2002 жылғы наурыздан 2003 жылғы қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар департаментінің бастығы болды. 2003 жылғы қыркүйектен 2009 жылғы тамызға дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Аэроұтқыр әскерлерін басқарды. 2009-2010 жылдары ҚМ Штаб бастықтары комитеті төрағасының орынбасары, 2010-2016 жылдары ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы болды. 2016 жылғы қыркүйектен 2019 жылғы сәуірге дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы қызметін атқарды.

Қазіргі қызметін 2022 жылғы қазаннан бері атқарып келеді.

III дәрежелі «КСРО Қарулы Күштеріндегі Отанға сіңірген еңбегі үшін», II дәрежелі «Айбын» (2001), II дәрежелі «Даңқ» (2012) ордендерімен марапатталған.

Айман АЙМАҒАМБЕТ, қазақ театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Фото: kaztheatre.kz

1959 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Ж.Жабаев атындағы орта мектепті, 1984 жылы Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыка училищесінің ән айту және дирижерлік факультетін, 1989 жылы Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы театр-көркемөнер институтының «Музыкалық-драма театры және кино актері» факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1978–1980 жылдары Жезқазған облыстық филармониясының «Жезкік» ансамблінде әнші болды. 1989–1991 жылдары Жезқазған музыкалық-драма театрында актриса қызметін атқарды. 1991 жылдан бастап Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында актриса болып қызмет етті. 2005 жылы XIII Республикалық театр фестивалінде «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясы бойынша «Үзілген бесік жыры» спектакліндегі Ана рөлін сомдағаны үшін жеңімпаз атанды. 2016 жылы Қазақстан драма театрларының XXIV республикалық фестивалінде А. Чеховтың «Шие бағы» комедиясындағы Шарлотта рөлі үшін «Үздік спектакль» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. 2017 жылы Ресейдің Челябі қаласында өткен V Халықаралық шағын форматтағы театрлар фестивалінде және Татарстан Республикасының Қазан қаласында ұйымдастырылған XIII Түркі халықтарының «Наурыз» халықаралық театр фестивалінде жеңіске жетті.

Қаһарман ОРАЗАЛИН, Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы

Фото: Gov.kz

1978 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында дүниеге келген. 2000 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, 2011 жылы Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғау академиясын бітірген.

Еңбек жолы: 2000–2020 жылдары азаматтық қорғаныс бөлімшелерінің аға офицері, Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің әскери жұмылдыру және арнайы жұмыс бөлімінің бастығы, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. 2020–2024 жылдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы болды.

Қазіргі қызметін 2024 жылғы қыркүйектен бері атқарып келеді.