9 қараша. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 9 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық ғылым және бейбітшілік апталығы

Бұл күн алғаш рет 1986 жылы Халықаралық бейбітшілік жылы аясында өткізілді. Ал 1988 жылдың желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы A/RES/43/61 қарарын қабылдап, аталған апталықты жыл сайын өткізудің ресми мерзімдерін бекітті. БҰҰ мамандарының пікірінше, бұл апталық әлемдегі бейбітшілікті нығайтуға, ғылыми ынтымақтастық пен халықаралық тәжірибе алмасуды дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар ғылым мен бейбітшіліктің өзара байланысы туралы қоғамдық түсінікті арттыруға бағытталған.

Фашизмге, нәсілшілдікке және антисемитизмге қарсы халықаралық күн

Бұл күн Германияда еврей халқына қарсы жаппай қудалау мен қырып-жою әрекеттері басталған «Хрусталь түні» тарихи оқиғасын еске алу мақсатында белгіленген. 1938 жылғы 9 қарашадан 10 қарашаға қараған түні Германия мен Австрия аумағында нацистер еврей халқына қарсы жаппай зорлық-зомбылық әрекеттерін ұйымдастырды. Жаппай қудалау кезінде бірнеше жүз адам қаза тауып, 30 мыңға жуық еврей тұтқындалып, концлагерьлерге жіберілді. Бұл оқиға нацистік режимнің еврей халқына қарсы жүргізген қуғын-сүргін саясатының күшейгенін көрсетті.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1945 жылы А.П.Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театры құрылды. Бұл театр – Швейцарияның Халықаралық театр қорының «Іскерлік және шығармашылық қызметтегі жоғары сапасы үшін» Алтын медалімен марапатталған Қазақстандағы жалғыз театр. Оның атауы Еуропаның жетекші мәдениет және бизнес нысандарының энциклопедиялық сөздігіне енгізілген. Театр дәстүрлі құндылықтарын сақтай отырып, тың қойылымдар, ауқымды театрлық жобалар мен жаңа жұмыс әдістерін дамытып жатыр. Бүгінде оның репертуарында түрлі жанр мен бағыттағы 30-дан астам спектакль бар.

1989 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің музейі алғашқы келушілерін қабылдады. Музей қорында 4 мыңнан астам экспонат сақталған. Олардың қатарында құжаттар, марапаттар, жеке заттар, фотосуреттер мен қызметтік киім үлгілері бар. Музей экспонаттары XIX ғасырдың соңы, XX ғасыр және жаңа мыңжылдық кезеңдерін қамтиды. Онда әр дәуірдегі маңызды оқиғалар, тарихи құжаттар мен полиция қызметкерлерінің өмір жолы көрініс тапқан.

2005 жылы Мәскеу уақыты бойынша сағат 06:33-те «Союз-ФГ» зымыран тасығышы «Венера-Экспресс» планетааралық ғарыш аппаратын Байқоңыр ғарыш айлағының №31 ұшыру алаңынан сәтті ұшырды. Ұшырылғаннан кейін 96 минуттан соң аппарат Венераға бағытталған ұшу траекториясына шығарылды. Ғарыш аппараты 2006 жылдың сәуірінде Венераға жетіп, 2015 жылы ғаламшар атмосферасында жанып кетті.

2010 жылы Нью-Йорк қаласында Қазақстан-Америка инвестициялық форумы өтті. Форумда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында шетелдік жетекші инвестициялық және технологиялық компаниялардың қатысуын көздейтін нақты жобалар таныстырылды. Сонымен қатар форум аясында Нью-Йорк қаласында ашылған Қазақстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдігінің таныстырылымы өтті.

2012 жылы Батыс Қазақстан облысының белгілі әншісі Марат Сарбөпеев Македония астанасы Скопье қаласында өткен «Еврофест» эстрадалық ән фестивалінің бас жүлдесін иеленіп, елге оралды. Айта кету керек, бұған дейін аталған фестивальге Қазақстаннан бірде-бір өнерпаз қатыспаған.

2015 жылы Алматы қаласындағы Кеңсай зиратында Батырхан Шүкеновке арналған ескерткіш орнатылды. Қордай тасынан қашалған қою жасыл түсті ескерткіш жарты ай пішінінде жасалған. Оның сол жағында скрипка кілтінің бейнесі бар. Ескерткіштің биіктігі – 2,15 метр. Оң жағындағы стелада саксофон ұстаған Батырхан Шүкеновтің бейнесі бейнеленген.

2015 жылы Семей қаласында жаңа көрікті орын – «Даналық қабырғасы» пайда болды. Қала орталығындағы қарапайым қабырға суретшілердің еңбегімен көркем суретке айналды. Онда халқымыздың ұлы перзенттері Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы және Мұхтар Әуезовтің портреттері 3D форматында бейнеленді.

2016 жылы Қазақстандағы үш ұлттық театрға: корей, неміс және ұйғыр театрларына академиялық театр мәртебесі берілді.

2018 жылы Қазақстан шахматы тарихында алғаш рет Ханты-Мансийск қаласында өткен шахматтан әлем чемпионатының 1/8 финалына қазақстандық спортшы Жансая Әбдімәлік шықты. Әлем чемпионатына дүниежүзінің 64 үздік шахматшысы қатысты.

2020 жылы Қазақстанда алғаш рет «Серт» атты детективтік шығармаларға арналған республикалық байқау өткізілді. Байқаудың негізгі мақсаты – халықтың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру, қазақстандық патриотизмді нығайту, ішкі істер органдары қызметкерлерін Отанға адал қызмет етуге, анты мен қызметтік борышына берік болуға тәрбиелеу, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету.

2021 жылы Көкшетау қаласында электронды оқулықтарға арналған алғашқы ұлттық TopIQ платформасы таныстырылды. Бұл платформа педагогтердің жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білімге және пәнге деген қызығушылығы мен ынтасын арттырады. Фото, бейне, аудио материалдар мен интерактивті тапсырмалар оқушыларға өздігінен білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар платформа ата-аналарға балаларының білім деңгейін бақылауға да қолайлы.

2024 жылы Қазақстан Үкіметі 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдамаға сәйкес, 2029 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 25 пайыздан 38 пайызға дейін арттыру, экологиялық тәрбиеге бағытталған іс-шараларға қатысатын оқушылардың үлесін 15%-дан 40%-ға дейін жеткізу көзделді. Сондай-ақ азаматтардың қоршаған ортаның экологиялық жағдайына қанағаттану деңгейін 55,8 пайыздан 64,7 пайызға дейін көтеру жоспарланды.

2024 жылы Қазақстан құрамасы хоккейден Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Турнирдің шешуші кездесуінде қазақстандық хоккейшілер Жапония құрамасымен кездесіп, қарсыластарын 5:1 есебімен жеңді.

2025 жылы Қазақстандық Artline Kazakhstan командасы Lamborghini Super Trofeo сериясында әлем чемпионы атанып, тарихи жеңіске қол жеткізді. Италияның Мизано қаласындағы жарыс жолында Шота Абхазава мен Егор Оруджев Pro-Am санатында жеңіс үшін тартысты бәсекеге түсті. Жарыс нәтижелері апелляциядан кейін қайта қаралып, финалдық кезеңнің ресми жеңімпазы ретінде қазақстандық команда танылды.