ЕСІМДЕР
61 жыл бұрын (1957) Қазақстанда алғашқы ЭКО клиникасының негізін қалаушы, «Экомед» адам репродукциясы клиникалар тобының бас директоры Батыр Қаратайұлы БЕКМҰСАЕВ дүниеге келді.
Ол Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Байқадам ауылында туған.
Алматы энергетикалық институтын «Жылу-энергетика» мамандығы бойынша тәмамдаған (1980).
Алғашқы еңбек қадамын республикалық «Казэнергоналадка» арнайы кәсіпорыннан бастаған. 1983 жылы Алматы кондитерлік фабрикасы комсомол комитетінің хатшысы болып тағайындалды. Кейін Үштөбе қаласының Қаратал аудандық партия комитетінде нұсқаушы қызметін атқарды. Сонымен бірге, Алматы облыстық комсомол комитетінің жауапты ұйымдастырушысы болды.
1990 жылы Батыр Бекмұсаев Табиғатты қорғау мемлекеттік комитетінің сыртқы байланыс басқармасына қызметке ауысқан.
1991 жылы «Сырым» шағын кәсіпорнының негізін қалады.
1995 жылы жары Салтанат Байқошқаровамен Қазақстанда тұңғыш рет ЭКО зертханасын ашады.
2010 жылы Ұлттық медицина қауымдастығы кейіпкерімізді отандық денсаулық сақтау саласына қосқан орасан зор үлесі мен ерен еңбегі үшін «Ақниет» аталымымен марапаттады.
59 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР Қарулы күштері бас штабының басшысы, генерал-лейтенант - Мұрат Жәлелұлы МАЙКЕЕВ дүниеге келді.
Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1980 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1994 жылы М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдаған. Қызметін мотоатқыштар полкі мотоатқыштар взводының командирі болып бастаған. 1983 жылдан - мотоатқыштар ротасының командирі. 1987-1991 жылдары - мотоатқыштар батальоны штабының бастығы - командирдің орынбасары, командирі. 1994 жылдан - ҚР Республикалық гвардиясының батальон командирі, бригада командирінің орынбасары, полк командирі. 1998 жылдан - мотоатқыштар дивизиясы командирінің орынбасары, командирі. 2000 жылдан - ҚР ҚМ Тәрбиелік және әлеуметтік-құқық жұмыс департаментінің бастығы. 2003 жылдан - Аэромобиль әскерлерінің қолбасшысы. 2009 жылдан ҚМ Штаб бастықтары комитеті төрағасының орынбасары 2010 жылдан бастап - Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы.
2016 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.
III дәрежелі «Отанға қызметі үшін», II дәрежелі «Айбын» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Генерал-майор.
58 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Сапарқызы МҰСТАФИНА дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын БЛКЖО ОК жанындағы Жоғары комсомол мектебін бітірген.
1982-1983 жылдары - Целиноград зауытының аға экономисі. 1983-1985 жылдары - Целиноград ауыл шаруашылығы институтында оқытушы, комсомол комитетінің хатшысы. 1985-1991 жылдары - Совет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО Целиноград облыстық комитетінің екінші хатшысы. 1991-1995 жылдары - Қазақстан ЛКЖО ОК хатшысы, Қазақстан Жастар одағы ОК хатшысы. 1995-1996 жылдары - «Айсар» ЖШС бас директорының орынбасары. 1996-1999 жылдары - Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің консультанты. 1999-2002 жылдары - ҚР Президенті жанындағы Отбасы ісі бойынша Ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі. 2002-2003 жылдары - ҚР Президенті Кеңсесінің мемлекеттік инспекторы. 2004 жылғы сәуір-қараша айларында - ҚР Мемлекеттік хатшысының бас инспекторы. 2004-2006 жылдары - Астана қаласы әкімінің орынбасары. ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік сала секторының меңгерушісі. 2008-2011 жылдары - Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі. 2011-2016 жылдары - Астана қаласы Есіл ауданының әкімі. 2016 жылғы 30 қыркүйекте Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып тағайындалды. Қазіргі қызметінде 2017 жылғы шілдеден бері.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.
55 жыл бұрын (1963) «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры - Әлібек Жартайұлы ТАТАНОВ дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. 1990 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1978 жылы Ақтөбе облысының Талдық ауылында механизатор болып бастаған. 1983-1985 жылдары Кеңес әскері қызметінде болып, «Кеңес әскері» газетінің Орталық әскер тобы бойынша Чехословакиядағы меншікті тілшісі қызметін атқарған. 1986-1990 жылдары Ақтөбе облыстық телеарнасының аға редакторы, КСРО Орталық телевидениесінің телевизиялық материалдарды дайындау бойынша аймақтық өкілі. 1990-1995 жылдары Ақтөбе облыстық СМК комитетінің төрағасы, «Казкоммерцбанк» АФ кеңесінің төрағасы, «Ұрпақ үні - Вестник молодежи» облыстық жастар газетінің редакция алқасы төрағасы. 1986-1991 жылдары Халық депутаттары кеңесінің Ақтөбе облысы бойынша Атқару комитетінің телеарна және радиохабарларын тарату қызметінің редакторы. 1991-1996 жылдары Қазақстан Жастар бірлестігі Ақтөбе облыстық комитетінің бірінші хатшысы, «Бірлік» жастар концернінің президенті. 1996-1997 жылдары Қазақстан Жастар бірлестігі Орталық комитетінің бірінші хатшысының орынбасары. 1997-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Жастар ұйымдары ұлттық кеңесінің хатшысы. 2001-2002 жылдары «Атырау-Ақпарат» Мемлекеттік медиахолдингінің төрағасы. 2003-2006 жылдары «Элитстрой» ЖШС Атырау филиалының директоры қызметтерін атқарған. 2006-2008 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры. 2008-2009 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры. Астана қаласындағы «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының Астана филиалының жетекшісі. 2010 -2013 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры қызметтерін атқарған. 2013-2017 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры.
2017 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Қазақстанның құрметті журналисі» белгісімен марапатталған. Бүкілодақтық телевизиялық фильмдер конкурсының және Қазақстан Республикасы Жастар одағы сыйлығының лауреаты. Филология ғылымының кандидаты.
52 жыл бұрын (1966) «Қазақстан инжиниринг» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқармасының төрағасы - Дулат Манатұлы ӘЛІМЖАНОВ дүниеге келді.
Целиноград облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетін математика мамандығы бойынша (1994); Бүкілресейлік қаржы-экономикалық институтын, экономика мамандығы бойынша бітірген (1998).
Еңбек жолы: Есептеу орталығының техник-операторы, төраға көмекшісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының басқарма қызметінің басшысы (1988-1998); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының көмекшісі (1998-1999); ҚР қаржы министрлігі әкімшілік департаментінің директоры (1999-2000); Қазақстандағы ХВҚ бас өкілдігінің экономисі, бас басқарушысы (2000-2004); «Қазақстандық ипотекалық несиеге кепілдік беру қоры» АҚ басқармасының төрағасы (2004-2006); «НТС Қазақстан» ЖШС президентінің экономика жөніндегі кеңесшісі, «NTC-регистратор» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі (2006-2008); «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ корпоративтік дамыту департаментінің директоры (2009); «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мониторинг департаментінің директоры, басқарушы директоры (2009-2010); «Астана-Финанс» АҚ аппаратының басшысы (2010-2011); «Астана-финанс» Банкі акционерлік қоғамы басқармасының мүшесі - басқарма төрағасының орынбасары (2011 жылдан бастап).