9 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 9 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

75 жыл бұрын (1948) ҚР мемлекет қайраткері Оңалсын Исламұлы ЖҰМАБЕКОВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. 1974 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1966-1969 жылдары Талдықорған облысы Ақсу ауданындағы Жаңақоғам совхозында жұмысшы, 1974-1980 жылдары Әуезов ауданы прокуратурасында стажер, тергеуші, Қазақ КСР прокуратурасында тергеу бөлімінің прокуроры, 1980-1983 жылдары Қазақ КСР прокурорының ерекше тапсырмалар жөніндегі көмекшісі, 1983-1985 жылдары Алматы қаласы Фрунзе аудандық прокуратурасының прокуроры, 1985-1990 жылдары Алматы облысы прокурорының орынбасары, 1990-1994 жылдары Маңғыстау облысының прокуроры, 1994-1996 жылдары Алматы облысының прокуроры, 1997-2003 жылдары ҚР Бас прокурорының орынбасары, 2003-2005 жылдары ҚР Әділет министрі, 2005-2007 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, 2007-2008 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, 2008-2012 жылдары ҚР Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.

2007-2008 жылдары - ҚР Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің төрағасы, 2012 жылдан бастап - ҚР Президенті жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі.

1990 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі депутаттығына кандидат, 2011 жылы «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша бесінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат, 2012-2016 жылдары V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі.

«Даңқ», «Парасат» ордендерімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.

66 жыл бұрын (1957) Қазақстанда алғашқы ЭКҰ клиникасының негізін қалаушы, «Экомед» клиникалар желісінің бас директоры Батыр Қаратайұлы БЕКМҰСАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы Сарысу ауданы Байқадам ауылында туған. 1980 жылы Алматы энергетика институтын бітірген.

Еңбек жолы: 1991 жылға дейін Қазақ КСР Табиғатты қорғау мемлекеттік комитетінің сыртқы байланыстар бөлімінде қызмет етті. 1991 жылы «Сырым» шағын кәсіпорнын құрып, кейінірек қазақтың тұңғыш «пробиркасының» авторы Салтанат Байқошқарованың идеясын қаржылай қолдау мақсатында бизнесін сатып жіберді. 1995 жылы ерлі-зайыптылар Қазақстандағы алғашқы ЭКҰ зертханасының негізін қалады - «Экомед» медициналық орталығы. 2006 және 2010 жылдары Батыр Бекмұсаевтың жетекшілігімен Адам репродукциясы және эмбриология институты, Қазақстан адам репродукциясы қауымдастығы құрылды.

Б. Мұсаев «Шынайы повесть» және «Жауабы жоқ дүние» кітаптарының авторы.

63 жыл бұрын (1960) ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Сапарқызы МҰСТАФИНА дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын экономист және ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру мамандығы бойынша, Комсомол Орталық Комитеті жанындағы жоғары комсомол мектебін саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1982-1983 жылдары Целиноград зауытының аға экономисі, 1983-1985 жылдары Целиноград ауыл шаруашылығы институтында оқытушы, комсомол комитетінің хатшысы, 1985-1991 жылдары Совет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО Целиноград облыстық комитетінің екінші хатшысы, 1991-1995 жылдары Қазақстан ЛКЖО ОК хатшысы, Қазақстан Жастар одағы ОК хатшысы болды. 1995-1996 жылдары «Айсар» ЖШС бас директорының орынбасары, 1996-1999 жылдары Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің консультанты, 1999-2002 жылдары ҚР Президенті жанындағы Отбасы ісі бойынша Ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі, 2002-2003 жылдары ҚР Президенті Кеңсесінің мемлекеттік инспекторы, 2004 жылғы сәуір-қараша айларында ҚР Мемлекеттік хатшысының бас инспекторы, 2004-2006 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік сала секторының меңгерушісі қызметін атқарды. 2008-2011 жылдары Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі, 2011-2016 жылдары Астана қаласы Есіл ауданының әкімі, 2017-2019 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.

2021 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

«ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған.

47 жыл бұрын (1976) «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Мұнай кәсіпшілігі қызметтері және көмірсутектерді кәдеге жарату жобалары департаментінің директоры Жасұлан Қажмұхаметұлы БАЛУАНОВ дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын «Инвар» консалтингтік компаниясының экономика және қаржы бөлімінің бастығы болып бастаған. 2006-2014 жылдары «ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис Ltd» компаниясының қаржы-экономикалық блогында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2014-2019 жылдары «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, Бизнес-жоспарлау департаментінің директоры, Барлауды корпоративтік және жобаларды қамтамасыз ету департаментінің бастығы қызметін атқарды.

2020 жылдан бастап қазіргі қызметінде.

64 жыл бұрын (1959) қазақ театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айман Өтегенқызы АЙМАҒАМБЕТ дүниеге келді.

Қарағанды облысында туған. Ж. Жабаев атындағы орта мектепті бітірген. 1984 жылы Алматы қаласындағы П.И. Чайковский атындағы музыкалық колледждің ән және дирижерлық факультетін бітірген. 1989 жылы Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «музыкалық-драмалық кино актері» факультетін бітірді.

1978-1980 жылдары Жезқазған облыстық филармониясының «Жезкиік» ансамблінде әнші болып жұмыс істеді, 1989-1991 жылдары Жезқазған музыкалық драма театрында қызмет етті.

1991 жылдан бері Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында актриса.