9 қыркүйек. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 9 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Дүниежүзілік сұлулық күні
Халықаралық Эстетика және косметология комитетінің (СИДЕСКО) бастамасы бойынша атап өтіледі. Дерекке сүйенсек, тарихта тұңғыш рет сұлулық байқауы 1888 жылғы қыркүйекте Бельгияда өткен, ал «Әлем аруы» байқауы 1951 жылғы сәуірде Лондонда өтіпті.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2002 жылы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында қазақ-өзбек шекарасының жекелеген учаскелері туралы Келісімге қол қойылды. Құжат арқылы екі ел арасындағы шекаралар толық анықталды.
2005 жылы Астанада Қазақстанның алғашқы Ұлттық жастар дельфий ойындары ашылды. Дельфий ойындары - классикалық және заманауи жанрдағы өнердiң барлық түрін бiрiктiретiн мәдени форум. Бұл фортепиано және скрипка, баян және халық билері, эстрадалық ән салу және театр, цирк және фотосурет, плакат және теледидар. Шара аясында Ұлттық ойындар конкурсы 14 номинация бойынша өтті.
2012 жылы Уфада ТҮРІКСОЙ-ға мүше елдер мәдениет министрлерінің Тұрақты Кеңесінің отырысында 2013 жыл қазақ композиторы Мұқан Төлебаевтың және қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың жылы деп жарияланды.
Мұқан Төлебаев (1913-1960) – композитор, СССР халық әртісі, ҚазССР-ға еңбегі сіңген өнер қайраткері, СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Алматы педагогикалық училищесінде, Мәскеу консерваториясының жанындағы Қазақ опера студиясында білім алған. Төлебаев - қазақ музыкасы майталмандарының бірі, барлық музыка жанрларында үлкен мұра қалдырған, қазақ музыка мәдениетін жаңа белеске көтерген әйгілі ұлттық композитор.
Шыңғыс Айтматов (1928 - 2008) – қырғыз жазушысы, кеңес әдебиетінің классигі, әлемдегі 170-тен астам тілдерге аударылып, 60 миллионнан астам тиражбен басылған философиялық романдар мен повестердің авторы. Айтматовқа «Ғасырдан да ұзақ күн» («Боранды бекет»), «Жан пида», «Кассандра таңбасы», «Жәмила» романдары даңқ әкелді. Әдеби қызметтен тыс, Айтматов Қырғызстанның Бенилюкс елдеріндегі елшісі де болды.
2013 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды. Астанада ҚР өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев пен «Атамекен» Одағы» Қазақстан Ұлттық экономика палатасы (ҚҰЭП) басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құру туралы ҚР Үкіметі мен ҚҰЭП бірлескен шешіміне қол қойды.
2013 жылы Астанада «Алаш» қозғалысының жүз жылдығына арналған қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде alash-orda.kz интернет-порталы ашылды.
2013 жылы Павлодар қаласының № 1 көркемдік мектептің 12 тәрбиеленушісі Вильнюс қаласында өткен «Балтық музасы» атты балаларға арналған ХІ Халықаралық бейнелеу өнері байқауында жеңімпаз атанды. Павлодарлық өрендердің сегіз жұмысы «Овация» аталымында белгіленіп, қорытынды көрмеге қойылған.
2014 жылы Астанадағы Astana Opera Мемлекетік опера және балет театрында Нейрохирургтардың Х Азиялық конгресінің салтанатты түрде ашылуы өтіп, соның аясында нейрохирургия және неврология саласындағы соңғы технологиялар мен тәжірибе талқыланған. Бұл шара Орталық Азия және ТМД кеңістігінде алғаш рет өткізілді. Оған әлемнің 50 елінен 600-ден астам делегат қатысты.
2016 жылы Шығыс Қазақстанның Қатонқарағай ауданында «Патшалар алқабындағы» ежелгі қорғанның үстіне айналы саркофаг орнатылды. Енді ол ашық аспан астындағы мұражайға айналды. Шыңдалған айнадан жасалған саркофагтың ауданы 90 шаршы метрге жетеді.
2016 жылы Алматыда Жұлдыздар аллеясында қазақ актері, театр және кино режиссері, сценарист, педагог Асанәлі Әшімовтің жұлдызы ашылды.
2019 жылы Қытайдағы Сиань қаласында әлемнің 18 елінен жиналған журналистер, соның ішінде ШЫҰ мүше елдері, серіктестер және байқаушыларының қатысуымен велотур өтті. Шара Шанхай ынтымақтастық ұйымы гуманитарлық ынтымақтастығы мен «Бір белдеу – бір жол» концепциясын жасыл дамыту аясында ұйымдастырылды. 30-дан астам журналист, соның ішінде «ҚазАқпарат» тілшісі Самал Ендібаева велосипедке мініп, қаладағы көне Қытай қабырғасымен ұзақтығы 13,4 шақырым жолды жүріп өтті. Көне заманда бұл қабырға Сиань қаласын жаулардан қорғаған, сондай-ақ қабырғаның батыс жағынан Ұлы Жібек жолына сауда керуендері аттанған. Бүгінде Қытай көне сәулетінің ескерткіші туристер арасында өте танымал болып отыр.
2019 жылы Маңғыстау облыстық ауруханасының кардиохирургтары пациенттің өз тініндегі қолқа қалпақшасын қалыптастыру отасын жасады. Бұған дейін мұндай жағдайда импланттар қолданылатын. Әлемде мұндай оталарды жасайтын орталықтар көп емес, ал Қазақстан Республикасы Орталық Азияда осындай отаны жасаған алғашқы ел болды.
2020 жылы Грекияда Димаш Құдайбергеннің әндері тәулік бойы шырқалатын «Dimash Greece» атты жаңа онлайн-радиостанса эфирге шықты. Грекиядағы онлайн-радионы «Dimash Kudaibergen Greece» фан-клубының әкімшісі Лена Ворк құрған.
2021 жылы Семей қаласының физика пәнінің оқытушысы Асхат Жұмабеков «Global Teacher Prize» халықаралық сыйлығының финалистер тізіміне енген алғашқы қазақстандық атанды.
Мұғалімнің жаһандық сыйлығы – бұл өз кәсібіне көрнекті үлес қосқан үздік мұғалімге жыл сайын берілетін 1 миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі сыйлық.
2021 жылы Қарқаралы қаласына кіре берісте Ұлы дала анасы атанған Қарқабат анаға ескерткіш орнатылды. Монумент қоладан жасалған, оның биіктігі тұғырмен бірге 7,5 метрді құрайды. Мүсіннің авторы – Бейбіт Мұстафин.
2021 жылы Павлодар музейінде қазақ даласын жайлаған әділетсіздік пен теңсіздікті сынаған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің сирек қолжазбалар көшірмелері пайда болды. Осы кітаптары үшін белгілі қазақ ақыны, тарихшы, қоғам қайраткері және ойшыл қуғын-сүргінге ұшыраған.
2023 жылы Тоғызқұмалақ күніне орай мыңнан астам алматылық оқушы бір мезгілде тоғызқұмалақ ойнап, сол арқылы Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енді. Бұл шара қалалық әкімдік пен Алматы қаласы Тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны федерациясының қолдауымен ұйымдастырылды. 2020 жылы ЮНЕСКО шешімімен тоғызқұмалақ адамзаттың мәдени мұрасы тізіміне енді.