«Бүгінгі ОСК отырысына бір мәселе енгізіліп отыр. Ол 2015 жылғы 26 сәуірге белгіленген ҚР Президентінің сайлауы жөніндегі сайлау бюллетеньдері туралы», - деп отырысты ашқан ҚР ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов сөз кезегін комиссия хатшысы Бақыт Мелдешевке берді. Өз кезегінде хатшы комиссия мүшелерінің назарына 2015 жылғы 26 сәуірге белгіленген ҚР Президентінің сайлауы жөніндегі сайлау бюллетеньдері туралы қаулы жобасы ұсынылып отырғанын атап өтті. «Қаулы бойынша, сайлау бюллетендерін қорғау дәрежесі осы қаулыға 1-ші қосымшаға сай белгіленсін. Үшінші, сайлау бюллетендерінің мәтіні осы қаулыға 2-ші қосымшаға сай бекітілсін. Қосымшаға сай бюллетеньге енгізілетін үміткер кандидаттар: Құсайынов Әбілғазы Қалиақпарұлы, Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы, Сыздықов Тұрғын Ысқақұлы. Сайлау бюллетендері «ҚР Ұлттық банкінің банкнот фабрикасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорнында дайындалсын», - деді Б.Мелдешев. Сонымен қатар ол ҚР ОСК аппаратының қаржы-бақылау бөлімі сайлау бюллетендерін облыстық, Астана мен Алматы қалалық сайлау комиссияларына арнайы байланыспен 2015 жылдың 20 сәуірінен кешіктірмей жеткізуді, ал облыстық және қалалық комиссиялар бюллетендерді аумақтық учаскелерге 24 сәуірден кешіктірмей қамтамасыз етуі тиістігін баса айтты. ҚР ОСК мүшелері қаулы жобасын бірауыздан мақұлдады.
15:22, 26 Наурыз 2015
9 миллионнан астам сайлау бюллетені шығарылады - ҚР ОСК
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау бюллетендерінің саны нақтыланды.