9 мың теңгелік картоп пен Африкадан жеткізілген сәбіз - өңірлердегі бағаға шолу

Коллаж: Сanva

АСТАНА. KAZINFORM – Картоп, пияз және сәбіз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне енгізілген. Демек, ең төменгі бағада қамтамасыз етілетін әлеуметтік санаттағы өнімдер қатарына жатады. Дегенмен, бұл көкөністердің бағасы әр жерде әртүрлі. Тілші бағаларды шолып шықты. 

Фото: Александр Павский/Kazinform

Өңірлер бойынша жиналған мәліметтерге қарағанда, ең арзан картоп Тараз, Семей және Павлодарда. Бұл өңірлерде келісін 100 теңгеден төмен бағада сатып алуға болады. Мәселен, Таразда биылғы картоптың орташа бағасы 270-290 теңге болса, былтырғы өнім әлдеқайда арзан — келісі 60 теңге. Павлодар мен Семейде былтырғы картоп 90 теңгеден, ал биылғы өнім 230-345 теңгеден сатылып жатыр. Петропавлда картоп 110 теңгеден дүкен сөресіне шығарылған. Бұл — тұрақтандыру қорынан сатылатын өнімнің бағасы. Коммерциялық мақсатта өткізіліп жатқан картоп құны 230 теңгеден басталады. Қостанай, Астана, Қызылорда, Көкшетау, Алматы, Жезқазған, Қарағанды қалаларының тұрғындары картоптың келісі үшін 120 теңгеден 200 теңгеге дейін төлеп отыр. Қостанайда төменгі баға — 126 теңге. Биылғы өнім 215 теңге болса, іріктелген картоптың келісі 300 теңгеге дейін жетіп қалады. 210 теңге және одан жоғары баға Шымкент, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қонаев, Өскемен, Талдықорған, Жезқазған, Ақтөбе қалаларында тіркелді. Оралда картоп 300 теңге дейін тұрады. Ал, Алматы, Шымкент, Астана қалаларындағы интернет-дүкендер картоптың ерекше сұрыптарын сатады. Франциядан жеткізілетін күлгін түсті картоптың келісі — 2 700 теңге, агат grenaille сорты (Франция) — 8 000-9 200 теңге болады. Салауатты өмір салтын ұстанушылар картоптың орына алып жүрген батат (тәтті картоп) өнімінің келісі — 1000 теңгеден 8000 теңгеге дейін жетеді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ең арзан деген сәбіз Қызылорда, Шымкент, Көкшетау, Астана және Алматы қалаларында — келісі 150 теңге. Петропавл, Қонаев, Қостанай, Қарағанды, Семей, Павлодар, Талдықорған қалаларында оның бағасы 170 теңгеден 200 теңгеге дейінгі аралықта тіркелді. Мәселен, Қостанай облысында баға 185 теңгеден басталады. Жуылған сәбіздің келісін 300 теңгеге, ал «Балтимор» арнайы сортының келісін 345 теңгеден 435 теңгеге дейін сатып алуға болады. Атырау, Түркістан, Өскемен, Жезқазған, Ақтөбе және Ақтауда сәбіз бағасы 300 теңгеге дейін барады, ал Тараз және Оралда келісіне 300 теңгеден жоғары. Интернет-дүкендер 200 грамм шамадағы ерекше сәбізді 5 700 теңгеден ұсынып жатыр. Африкадан әкелінген қорапшадағы 200 грамм бэби сұрыпына жататын өнім 3 700 теңге тұрады. Жалпы, биыл шыққан сәбіздің келісі 1 700 теңге болады.

Фото: Kazinform

Пияздың келісіне 100 теңгеден төмен баға Тараз және Қызылордада табылса, ал Қарағанды, Астана, Шымкент, Семей, Павлодар, Алматыда 110-120 теңге тұрады. Көкшетау, Қостанай, Түркістан, Петропавл, Өскемен, Қонаев, Ақтау, Талдықорған қалаларында — 130-150 теңге. 160-170 теңге шамасындағы баға Орал, Атырау, Жезқазған, Ақтөбе қалаларында байқалды.

Өңірлерде қызыл пиязды 350-500 теңгеге сатып алуға болады. Интернет-дүкендерде бағасы 1300 теңге тұратын сұрыптары да бар. Қабығы ақ түсті пияз да арзан емес, келісі 1 400-1 800 теңгеге бағаланған. 250 грамм шамасындағы Франциядан жеткізілген шалот пиязы 1800-2000 теңге, ал порей жуасының келісі — 4000-5500 теңге аралығында.

Фото: Kazinform

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде картоптың орташа құны — 185 теңге, сәбіз — 198 теңге, пияз — 116 теңге. Бұл ретте, статистикалық деректерде ең қымбат картоп, сәбіз және пияз Жезқазғанда (тиісінше 275, 287 және 192 теңге). Ең арзан картоп Павлодарда (142 теңге) болса, төмен бағадағы сәбіз Петропавлда (155 теңге), арзан пияз Таразда (97 теңге) екені аталып өткен.