9 шілде. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
9 шілде, ДҮЙСЕНБІ
Аргентинаның Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. Аргентина - Оңтүстік Американың оңтүстік-шығыс бөлігін толығымен алып жатқан мемлекет. Оңтүстігінде және батысында Чилимен, солтүстігінде Боливия, Парагваймен, солтүстік-шығыс және шығысында Бразилия, Уругваймен шектеседі. Әкімшілік жағынан 22 провинцияға, 1 ұлттық территорияға және 1 федералды астаналық округке бөлінеді. Астанасы - Буэнос-Айрес қаласы. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі - песо. Аргентина конституциясы бойынша Федеративтік Республика. Ал басқару формасы бойынша парламентаризм элементтері бар Президенттік Республика. Мемлекет және үкімет басшысы - Президент. Сонымен қатар елдің қарулы күштерінің бас қолбасшысы болып саналады. Жоғары заң шығарушы органы Сенат және Депутаттар палатасынан тұратын Ұлттық конгресс.
Қазақстан Республикасы мен Аргентина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылғы маусымның 25-де орнатылды.
Миғраж түні. Пайғамбар жеті көкке көтерілген түн (Мұсылман мейрамы).
619 жылғы Миғраж түнінде пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед Меккедегі әл-Харам мешітінен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады (түнгі сапар арабтарда «исра» деп аталады). Одан Миғражға, яғни жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесіп, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі-аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
11 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы жарық көрді.
38 жыл бұрын (1974) Кеңес Одағы геологиялық және геофизикалық мәселелерді шешу үшін «Метеор-18» жасанды жер серігін ұшырды.
5 жыл бұрын (2007) Атырау мемлекеттік университеті жанындағы археология-этнографиялық орталықтың кезекті экспедициясының мүшелері сармат дәуірінен жеткен алты обаны тапты.
Сармат дәуіріне қатысты бірнеше көне құмыра, ежелгі халықтың басқа да тұтынған ыдыс-аяқтары Атырау облысының Қызылқоға ауданынан табылды.
3 жыл бұрын (2009) Астанада ТМД-да алғашқы автомобильдің тозған шиналарын өңдейтін зауыт іске қосылды.
Зауыттың қуаты - жылына 21 мың тонна резеңке үгінділері. Зауыттан шыққан резеңке үгінділері спорт, балалар алаңдары, стадион беттерін жабуға, жол үсті белгілерін, жаяу жүргіншілер жолдарының жабындысын, теміржолдарды, жол жиектемелері және құдықтардың қақпақтарын жасап шығаруға пайдаланылады.
Германия технологиялары қолданылған жобаны Қазақстан даму банкі қаржыландырды.
3 жыл бұрын (2009) Астанада 254 көлік құралына есептелген көпқабатты жерасты тұрағы ашылды.
Автотұрақ Республика даңғылы бойындағы №7 мекен-жайында орналасқан. Жаңа автотұрақ жалпы ауданы 10112 шаршы метрді құрайтын 4 қабаттан тұрады.
Нысан тұрақ қызметі үшін ақы төлеуге болатын жартылай автоматтандырылған неміс техникасымен жабдықталған.
3 жыл бұрын (2009) «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасының аумағында «Ежелгі Қазақстанның қаруы және қару-жарағы» топтамасының көркемдік маркасын айналымға енгізді.
Маркада XVIII ғасырдағы батырдың қалқаны бір топ жауынгердің бейнесінде бейнеленген. Марка төрт бояуда офсет, бұғылап тесу тарақты әдiсi бойынша орындалған, өлшемі 50 х 38 мм, ал тиражы 30 мың дана. Суретшi - Данияр Мұхамеджанов. Маркалар Бейжіңнің (ҚХР) пошталық төлеу таңбалар фабрикасында басып шығарылған.
106 жыл бұрын (1906) Ресейдің Выборг қаласында бірінші Мемлекеттік думаның таралуын заңсыз деп таныған депутаттар халыққа үндеу жолдады. Бұл үндеу тарихта Выборг үндеуі деген атпен қалған. Думаны тарату туралы патша жарлығына қарсы халықты салық төлеуден, әскери міндеткерлікті өтеуден бас тартып, наразылық білдіруге шақырған бұл үндеуге қол қойған 200-ге жуық депутаттың басым көпшілігін кадеттер партиясының өкілдері құрады. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов пен Сәлімгерей Жантөрин де болды. 1907 жылы желтоқсанда үндеуге қол қоюшылар сотқа тартылып, олардың ішінде 167 адам 3 ай мерзімге абақтыға жабылып, ендігі жерде Думаға мүше болу құқығынан айрылды.
21 жыл бұрын (1991) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекеттік салық қызметі құрылды.
ЕСІМДЕР
84 жыл бұрын (1928) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты УСТИМЕНКО Борислав Петрович дүниеге келді.
Өскемен қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1951-1975 жылдары - Қазақ энергетикалық ғылыми-зерттеу институтының аспиранты, кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1975 жылдан осы институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, 1988-1992 жылдары директоры болып қызмет атқарған. 1992 жылдан зертхана меңгерушісі болып істеген. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері жылу энергетикасы, жылу физикасы, қолданбалы газ динамикасы мәселелеріне және бу генераторының оттығы мен жанарғысын модельдеуге арналған. Жылу энергетикасы және өндірістің басқа да салаларында кеңінен қолданылып жүрген гидромеханика және сұйықтық пен газдың турбуленттік ағысында айналатын жылу алмасуға, баяу және ағыстың басқа да күрделі түрлерінің аэродинамикасына теориялық негіз жасап, терең зерттеулер жүргізді. Қазіргі кезде оның басшылығымен қуатты энергетикалық блоктың қазан агрегаттары габаритін елеулі азайтатын және олардың тиімділігін арттыратын жаңа, жоғары тиімділікті оттықты және жанарғылы құрылғылар зерттеліп жасалды. 350-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 9 монографияның авторы.
«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.
78 жыл бұрын (1934) экономика ғылымының докторы, профессор СПЕКТОР Михаил Давыдович дүниеге келді.
Одесса ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Ақмола жерге орналастыру экспедициясының инженері, Целиноград ауыл шаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі, доценті, факультет деканы, профессоры қызметтерін атқарды.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері ауылды қайта орналастырудың әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне арналған.
53 жыл бұрын (1959) суретші, мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі ЖҰМАБАЙ Әділет Асқарұлы дүниеге келді.
Тараз қаласында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын бітірген. Қазіргі уақытта Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқытушы болып істейді.
Оның туындылары республикалық көрмелерге қойылған. 1996 жылы Алматы қаласындағы Республика алаңында орнатылған «Тәуелсіздік монументі» композициясының құрамындағы «Барыс үстіндегі Алтын адам» ескерткішін, «Сақтар» мен «Қазақтар» барельевтерін жасаған. Ә.Жұмабайдың «Айша бибі», «Күлтегін», «Абай», «Көшпенділер», «Қазақ анасы» атты мүсіндері бар.
48 жыл бұрын (1964) актер ЖҰМАНОВ Евгений Нұриұлы дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған. Шығармашылық қызметін Павлодар облыстық драма театрынан бастаған. Орал облыстық орыс драма театрында, Мемлекеттік орыс академиялық драма театрында өнер көрсеткен. 1996 жылдан Республикалық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының актері.
Е.Жұманов театр сахнасында Ромео (У.Шекспир «Ромео - Джульетта»), Калигула (А.Камю «Калигула»), Сальери (А.Пушкин «Моцарт пен Сальери»), Хосе (П.Периме «Кармен»), т.б. рөлдерінде ойнаған. «Тоғысқан тағдырлар» телесериалында Шәміл Байжановтың бейнесін сомдаған. Ол сонымен қатар теледидар бағдарламаларын жүргізуші ретінде де танымал.
193 жыл бұрын (1819-1867) американдық өнертапқыш ХОУ Илайес дүниеге келді.
Массачусетс штатының Спенсер қаласында туған. Тоқыма машинасы зауытында, сағат жөндеу шеберханасында істеген. 1846 жылы 5 жылдық еңбегінің арқасында тігін машинасын жасап шығарып, оған патент алды. Аталған машинаны Англияда сату құқығын тігінші У.Томасқа 250 фунт стерлингке беріп, онымен бірге Тұманды Албион елінде алғашқы туындысын сатылымға шығарды. 1867 жылы жетілдірілген машина Париж көрмесінде алтын медальға ие болды
67 жыл бұрын (1945-1998) инженер-экономист НОСИКОВ Николай Тимофеевич дүниеге келді.
Ресей Федерациясында туған. Новосібір темір жол көлігі инженерлерінің институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
Қазақстанның Лениндік коммунистік жастар одағының Шемонайха райкомының бірінші хатшысы, Шығыс Қазақстанның обком партиясының нұсқаушы, «Алтайсвинецстрой» парткомы хатшысы, Өскемен қалалық атқару комитетінің төрағасы, Өскемен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, қалалық кеңестің төрағасы, Өскемен қалалық әкімшілігінің басшысы, «Экспресс» АҚ ұйымдастыру дирекциясы бастығының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12-шақырылымындағы депутаттыққа кандидат.
«Құрмет Белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
66 жыл бұрын (1946-2008) журналист, саясаттанушы ЕРМЕКБАЕВ Қуаныш Ермекбайұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1971-1973 жылдары - Қазақ радиосының редакторы, аға редакторы. 1973-1975 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің нұсқаушысы. 1975-1976 жылдары - Совет аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1976-1979 жылдары - Қазақ КСР-і Мемлекеттік телерадио бөлімінің меңгерушісі. 1979-1980 жылдары - Қазақ кәсіподақ кеңесінің нұсқаушысы. 1980-1981 жылдары - Алатау аудандық комитетінің нұсқаушысы. 1981-1984 жылдары - Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының аға нұсқаушысы. 1984-1991 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, жалпы бөлім меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті және Президент Аппаратының жалпы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1993-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті хатшылығы меңгерушісінің орынбасары. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Іс басқармасы жалпы бөлім меңгерушісі. 1995-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары. 1997-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесі Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.
«Құрмет» орденімен, медальмен және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.
36 жыл бұрын (1976) «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ының басқарма төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты ҚҰЛСЕЙІТОВ Айдын Жеңісұлы дүниеге келді.
Өскемен қаласында туған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Жарнама жөніндегі агент, «Жанна» ЖШС-інің менеджері болып қызмет атқарған. 1997-1999 жылдары - «Олжа» ЖШС-інің бас менеджері, директорының орынбасары. 1999-2000 жылдары - «Латифа» ЖШС-інің бас директоры. 2000-2003 жылдары - Өскемен қалалық Индустрия, экология және байланыс бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы. 2004-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Стратегиялық жоспарлау және жиынтық талдау департаменті директоры, бөлім бастығы, басқарма бастығы, Индустриалды саясат департаментінің директоры. 2008 жылы - Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігі Стратегиялық жоспарлау және салааралық реттеу департаментінің директоры. 2008-2009 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Қазіргі қызметінде 2009 жылдың қыркүйегінен бастап істейді.
70 жыл бұрын (1942) М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор БАЙСЕРКЕ Лесхан Әмірбекұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысының Жамбыл ауданында туған. ҚазПИ -ді (1966 , қазіргі ҚазҰПУ ) және Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын (1976 ) бітірген. Жамбыл гидромелиорациялық-құрылыс институтында оқытушы, аға оқытушы (1966 -1973 ), кафедра меңгерушісі , декан (1976 -1994 ) қызметтерін атқарды. 1996 жылдан Тараз мемлекеттік университетінің проректоры. Қазіргі қызметінде - 1998 жылдан бері.. 70-ке жуық ғылыми еңбектің, оның ішінде 5 монографияның авторы. 13-сайланған ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
43 жыл бұрын (1969) Шығыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары ҚҰЛ-МҰХАММЕД Мұратғали Абрарұлы дүниеге келді.
Семей облысының Үржар ауданында Мақаншы ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген, заңгер-құқықтанушы. Заң ғылымдарының кандидаты.
1986 жылдан Мақаншы аудандық дайындау кеңсесінің жұмысшысы. 1988 жылдан Кеңес Армиясы қатарында қызмет атқарған. 1990 жылдан - Семей облысындағы Мақаншы аудандық дайындау кеңесесінің жұмсшысы; С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті. 1995 жылдан - Алматы қаласындағы әділет басқармасында қоғамдық бірлестіктер бөлімінің жетекші маманы. 1996 жылдан - осы басқармада бас маман, заңды тұлғаларды тіркеу бөлімі бастығының орынбасары, бастығы. 1998 жылдан Алматы қаласы әділет басқармасы бастығының орынбасары. 2001 жылдан ШҚО Үржар аудандық сотының төрағасы. 2004 жылдан - Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер бойынша алқа төрағасы. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан бері.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен, ҚР Конституциясның 10 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгімен, Әділет министрлігінің алғысхаттарымен марапатталған.
49 жыл бұрын (1963) М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЛЕБСАК Ирина Маратовна дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған. Певлодар педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша, Алматы мемлекеттік театр-көркемөнер институтын драма театры мен кино актері мамандығы бойынша бітірген. 1988 жылдан бері М.Ю.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында актриса. «Ваня ағай» (Елена Андреөвна), «Иванов» (Анна Петровна), «Мужской род, единственное число» (Жасант), «Тұңғиықта» (Василиса Карповна), «Шайтанның тұзағы» (Елена), «Таланттар мен табынушылар» (Александра Николаевна), «Эзоп» (Клея) және басқа спектакльдерде рөлдер орындайды. «Қазақфильм» киностудиясының «Тоғысқан тағдырлар» (Лаура), «Шегіртке» (Евгения Гордейқызы) телесериалдарына түскен. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. ҚР Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.