9 жастағы ұлын ұрып-соққан талдықорғандық әйел ана құқынан айырылады - омбудсмен
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM. Баласын суық қораға қамап, өзі қыдырып кеткен талдықорғандық әйел ата-ана құқыынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Жетісу облысының Балалар обудсмені Райхан Сисекенова мәлімдеді.
Тоғыз жасқа енді толатын Артем Лебедевтің көрмеген құқайы жоқ екен. Балақайды басқа емес, өзінің туған анасы ұрып, соққан. Ол аз болғандай, жауапсыз ана баланы үнемі қараусыз қалдырып, суық қораға қамап кетіп жүріпті.
Артемнің ауыр жағдайын әлеуметтік қызметке көршілері хабарлаған. Содан кейін Адам құқығын қорғау бюросының Жетісу облыстық филиалы мамандарының бастамасымен комиссия құрылып, Лебедевтер отбасының жағдайымен танысқан. Белгілі болғандай, Артемнің анасы Светлана ішкілікке салынған екен. Ол туған ұлын үнемі ұрып, үйге қамап кетіп отырған. Оқиғадан кейін комиссия баланы туған үйінен алып, Бейімдеу орталығына орналастырған.
- Тоғыз жасқа толмаған Артемнің жағдайы қиын. Ол тойып тамақ ішпеген, үнемі анасынан таяқ жеп өскен. Баланы суық қораға қамап ұстаған. Біз әлеуметтік қызметкерлермен бірлесіп ол үйдің жағдайын көрдік. Қазір баласын ұрып-соққан әйелді ата-ана құқынан айыру мәселесі күн тәртібіне қойылды, - деп хабарлады Жетісу облысының Балалар обудсмені Райхан Сисекенова.