9 желтоқсан. Туған күн иелері

Бүгін, 9 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

67 жыл бұрын (1956) Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы Иманғали Нұрғалиұлы ТАСМАҒАМБЕТОВ дүниеге келді.

Гурьев облысы Махамбет ауданы Новобогат ауылында дүниеге келген. А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетін бітірген (1979), география және биология пәндерінің мұғалімі.

Еңбек жолы: 1973-1974 жылдары – Гурьев облысы Махамбет ауылындағы балалар-жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде жаттықтырушы. 1979 жылдан – Гурьев облысы Махамбет ауылындағы орта мектепте география және биология пәндерінің мұғалімі, Қазақстан ЛКЖО Махамбет аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, комсомол жұмысы кабинетінің меңгерушісі, Гурьев облыстық комитетінің комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі. 1981-1991 жылдар аралығында – КОКП мүшесі. Қазақстан Компартиясы ОК Саяси бюросының мүшесі (1990-1991). ҚР Жоғарғы Кеңесі 12-шақырылымының депутаты (ЛКЖО). 1983 жылдан – Қазақстан ЛКЖО Гурьев қалалық комитетінің бірінші хатшысы. 1985 жылдан – Қазақстан Компартиясы Гурьев қалалық комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. 1986 жылы – ЛКЖО Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшысы. 1988 жылы – Қазақстан ЛКЖО ОК жұмысшы жастар және әлеуметтік-экономикалық проблемалар бөлімдерінің меңгерушісі, хатшысы. 1989 жылы – Қазақстан ЛКЖО ОК-нің бірінші хатшысы. 1991 жылы – ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1993 жылы – ҚР Президентінің көмекшісі. 1995 жылы – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. 1997 жылы – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Білім және мәдениет министрі. 1997 жылдан – ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі. 1998 жылы – ҚР Президентінің бірінші көмекшісі. 1999 жылы – Атырау облысының әкімі. 2000 жылы – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. 2002 жылы – ҚР Премьер-Министрі. 2003 жылы – ҚР Мемлекеттік хатшысы. 2004 жылы ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсан айынан 2008 жылдың сәуіріне дейін – Алматы қаласының әкімі. 2008-2014 жылдары – Астана қаласының әкімі. 2014-2016 жылдары – ҚР Қорғаныс министрі. 2016-2017 жылдары – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. 2017-2019 жылдары – Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі. Қазақстан Республикасының Спорттық оқ ату федерациясының құрметті президенті. Ә. Марғұлан атындағы халықаралық қордың басқарма төрағасы. 2022 жылдан – ҚР гольф федерациясының президенті.

«14 томдық Ә.Х. Марғұланның шығармалары» редколлегиясының мүшесі. Тәуелсіздіктің он жылдығын атап өту бойынша, сондай-ақ ЮНЕСКО көлемінде мерекеленген қазақ мәдениеті мен ғылымының көрнекті қайраткерлері: 1995 жылы - Абайдың туғанына 150 жыл, 1996 жылы - Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл, 1997 жылы - Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл, 1997 жылы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 100 жыл, 2002 жылы - Ғабит Мүсіреповтің туғанына 100 жыл және 2004 жылы - Әлкей Марғұланның туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойларды өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялардың төрағасы. Моңғолияға, Батыс Қазақстанға және РФ-ның Астрахан облысына (Каспий: мұнай және мәдениет) және т.б. жерлерге халықаралық мәдениеттану экспедицияларын ұйымдастырушы. Солардың бірінің нәтижесінде, 2000 жылы Моңғолиядан Қазақстанға ежелгі Күлтегін тас хаты кайтарылды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың қараша айынан бастап атқарып келеді.

«Парасат» ордені (1998), Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев ордені (2004), Орыс Православ Шіркеуінің «Мәскеулік Даниил қасиетті патшасы» ордені, Ресей Федерациясының «Достық» орденімен және II дәрежелі «Барыс» орденімен (2010) және көптеген медальмен марапатталған.

61 жыл бұрын Ақмола облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Амангелді Халауденұлы СМАЙЫЛОВ дүниеге келді.

Ресейдің Омбы облысында туған. 1988 жылы Сібір Еңбек Қызыл Ту орденді автомобиль-жол институтын бітірген.

Еңбек жолын 1988 жылдың шілде айында Омбы облысы Станический совхозының құрылыс цехының шебері болып бастады. 1988 жылдың қараша айынан – Көкшетау облысы Ленинград ауданы Омбы-Даут карьерлік басқармасының тау-кен-ұсақтау цехының шебері, бастығы. 1990 жылдан – Көкшетау облысы Ленинград ауданы Омбы-Даут карьер басқармасының бас инженері. 1991 жылдан – Көкшетау облысы Ленинград ауданы Даут мұнай базасының бас инженері. 1992 жылдан – Көкшетау облысы Ленинград ауданы Омбы-Даут карьер басқармасының бас инженері. 1993 жылдан – Көкшетау облысы Ленинград ауданы «Ритм» ИМП («Ритм» ЖШС) салынып жатқан кәсіпорнының директоры. 1998 жылдан – Көкшетау қаласы «Реал НГП» ЖШС директоры. 2006 жылдан – Көкшетау қаласы «СК Ауыл Газ» ЖШС директоры. 2011 жылдан - Көкшетау қаласы «ENKI» ЖШС директоры. 2014 жылдан – Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары. 2015 жылдан – Ақмола облысы құрылыс басқармасының басшысы. 2017 жылдан – Көкшетау қаласы «СК Ауыл Газ» ЖШС директоры. 2018 жылдың қазан айынан бастап – Көкшетау қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы.
2018 жылдың қарашасынан – Ақмола облысы Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары. 2019 жылдан – Ақмола облысы Көкшетау қаласының әкімі.
Қазіргі қызметін 2021 жылдың маусымынан бастап атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

58 жыл бұрын (1965) «Кастинг» ЖШС басшысы Болат Қалиұлы ЕРЖАНОВ дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Омбы қаласындағы Азаматтық авиация ұшқыштар техникалық училищесін бітірген.

Еңбек жолын Павлодардағы Қазақ азаматтық авиация басқармасында тасымалдауды ұйымдастыру бастығының орынбасары болып бастаған. 1997-2003 жылдары – «Ертіс Авиа», «Эйр Қазақстан» ЖАҚ авиакомпаниясының қызметкері; 2003-2010 жылдары – Алматы халықаралық әуежайында басшылық қызметтер атқарды; 2010-2018 жылдары – «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі атқарушы директоры; 2018-2021 жылдары – «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың шілдесінен бастап атқарып келеді.

45 жыл бұрын (1978) Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мадияр Тұрсынұлы ОМАРОВ дүниеге келді.

Семей облысы Мақаншы ауданының Қарабұта ауылында дүниеге келген. ҚР ІІМ Академиясын бітірген, құқық магистрі.

Ішкі органдарында 1997 жылдан бастап қызмет етеді. 2018-2020 жылдары Маңғыстау облысының жергілікті полиция қызметі басқармасын басқарды. 2020-2022 жылдары Ақтау қалалық Полиция басқармасының бастығы. 2021-2022 жылдары ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясы №2 факультетінің тыңдаушысы.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың тамыз айынан бастап атқарып келеді.

41 жыл бұрын (1982) Қарағанды облысы Қазыбек би ауданының әкімі Ералы Серікұлы ОСПАНОВ дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. 2007 жылы Қарағанды қаласының «Болашақ» институтын «Саясаткер. Саясаттану оқытушысы» мамандығы бойынша және 2012 жылы Қарағанды экономикалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын 2007 жылы Қарағанды қаласының №1 халыққа қызмет көрсету орталығында маман, инспектор болып бастады. 2008-2009 жылдары Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімінде әлеуметтік жұмыс бойынша бас маман, 2009-2011 жылдары Қарағанды қаласы әкімі аппаратының ұйымдастырушылық бөлімде басшы болып қызмет атқарған. 2011-2012 жылдары Астана қаласындағы Көлік және коммуникация министрлігінде Транспорттық бақылау комитетінің автокөлік транспортын бақылау жөніндегі басқармасында сарапшы болып қызмет етті. 2012-2013 жылдары Астана қаласындағы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде стратегиялық жоспарлау департаментінің стратегиялық жоспарлау, жиынтық талдау және жалпы методология бойынша сарапшысы, 2013-2015 жылдары Қарағанды облысы әкімінің аппаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы, ішкі-экономикалық байланыс және хаттама бөлімінің басшысы қызметінде болды. 2015-2016 жылдары – Қарағанды облысы әкімінің көмекшісі. 2016-2023 жылдары Саран қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың сәуірінен бастап атқарып келеді.

52 жыл бұрын (1971-2020) белгілі журналист Бейсен Құранбек дүниеге келген.

Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған.

Ал қалған ғұмырын қазақ телевидениесімен байланыстырып, «Рахат», «31 арна», «Хабар» арналарында, Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды. 2013-2017 жылдары «Қазақстан» телеарнасындағы «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап ұлттық арнадағы «Қарекет» бағдарламасын жүргізді. 2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.

ҚР Президенті сыйлығының иегері, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Жыл таңдауы» ұлттық сыйлығының иегері. ҚР Тұңғыш Президентінің жеке Алғыс хатымен, «Тіл жанашыры», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін медалімен» марапатталған. Талдықорған қаласының құрметті азаматы атанған.