90 мыңнан астам елордалық экологиялық сенбілікке қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 13 сәуірден 13 мамырға дейін санитарлық тазарту, абаттандыру және Астана қаласының аумағын көгалдандыру бойынша көктемгі экологиялық айлық өтеді. Ал «Біз таза қаланы қолдаймыз!» жалпықалалық сенбілігі 18 сәуірде өтеді, деп хабарлайды astana.kz.

Астана қаласы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының хабарлауынша, экологиялық айлық аясында қала аумағын санитарлық тазарту, көшелерді, жаяу жүргінші жолдарын, орамішілік аумақты тазалау, сел және арық канализацияларын тазарту; саябақтар мен гүлзарлардағы жасыл көшеттерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар жүргізу, көгалдар мен гүлзарларды орналастыру шараларын жүргізу, рұқсат етілмеген қоқыс тастау орындары мен лас жерлерді жою жоспарланып отыр. 18 сәуір күні өтетін жалпықалалық сенбілікке 5 мың кәсіпорын мен ұйым, 45 жоғары және орта мамандандырылған оқу орны, 124 мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемесі, 58 денсаулық сақтау мекемесі, 161 мемлекеттік мекеме, ведомство және ұлттық компанияларынан шамамен 92 мың адам қатысады, 460-қа жуық техника жұмылдырылмақ. Сенбілікке қатысушылар қажетті құралдармен (күрек, тырма), қолғап және қоқыс жинауға арналған қаптармен қамтамасыз етіледі.

Сонымен бірге қалада 2 316 көшет отырғызу жоспарланған. Атап айтқанда, «Алматы» ауданында 1 111 ағаш отырғызылады (№46 көшенің бойында 611 көшет, Есіл өзені бойындағы (оң жағалау) саябақта 500 көшет). Сондай-ақ «Есіл» ауданындағы Ильинка тұрғын алабындағы әскери қалашықта 224 көшет және «Хан Шатыр» СОО айналасында 750 көшет отырғызылады. Ал «Сарыарқа» ауданында 231 ағаш (Тілендиев даңғылының бойында) бой түземек. Сонымен қатар студенттер мен әскери бөлімшелердің әскери қызметкерлерін тарта отырып, Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінің арнасын қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан тазарту бойынша экологиялық акциялар өткізілмек.