900 метр биіктіктен құлаған 16 жастағы қыз аман қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тағы Джошуа (Техас штаты) қаласының он алты жастағы тұрғыны Макензи Уэзингтон парашютпен сәтсіз секіргеннен кейін ауруханаға түсті.

Сейсенбі күні жергілікті БАҚ хабарлағандай, парашют ашылмай, қыз 900 метр биіктіктен жерге құлаған. Абырой болғанда Макензи аман қалды. Алайда, жарақаттанды.

Оқиға өткен демалыс күндері Чикаша қаласында (Оклахома штаты) болған. Макензиде ата-анасының парашютпен секіруге рұқсат беретін қағазы болған. Онымен қоса, қыздан бұрын оның әкесі парашютпен секірген, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

"Пегас" спорт орталығының иесі және нұсқаушысы Роберт Свэйнсон айтқандай, Макензидің парашюты белгісіз себептермен ашылмай қалып, қыз құлаған. Секірмес бұрын, ол бірнеше сағат бойы нұсқама алыпты.

"Мұндай биіктіктен құлаған қыздың қалай аман қалғанын түсінбеймін", - дейді хирург Джеффри Бендер. Оның айтуынша, Макензидің қалыпқа келуіне кем дегенде бірнеше апта уақыт қажет.