900 мың спутниктік табақшаны пайдаланушы қазақстандықтар сандық телеарналарды тамашалай алады
18:52, 18 Қаңтар 2011
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 900 мың спутниктік табақшаны пайдаланушы қазақстандықтар сандық телеарналарды тамашалай алады.
Бұл туралы бүгін Елбасының қатысуымен Ұлттық спутниктік сандық телерадио таратылым желісін ресми қосу барысында ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев айтты.
«Қазіргі таңда басқа спутниктерге бейімделген 900 мың пайдаланушы үшін біз өзіміздің спутникке бейімделу мүмкіндігін ұсынамыз», - деп атап өткен министрдің сөзіне қарағанда, ол үшін табақшаны бағытын бұрып, қажетті бейімдеулерді жүзеге асыру ғана қажет.
Айта кетейік, басқа спутниктік телебағдарлмаларды тамашалап отырған абоненттер қазақстандық спутниктік телебағдарламалар топтамасын көрулері үшін DVB-S2 MPEG4, 8PSK стандарттарындағы жаңа қабылдағыш орнатып, Intelsat 904 спутнигіне бағытталуы қажет.