93 млн теңге табыс тапқан: «TauBrat» парақшасында құмар ойын өткізгендер жауапқа тартылды

Фото: DALL-E

АСТАНА.KAZINFORM — ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті заңсыз онлайн-ойын бизнесін ұйымдастырған адамдар тобының әрекетін тоқтатты.

Күдіктілер екі жыл бойы «TauBrat» парақшасы арқылы TikTok және YouTube платформаларында тікелей эфирлерде «Тринька» атты заңсыз құмар ойын өткізген.

Қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыру үшін олар банктік карталар рәсімделген «дроптарды» пайдаланып, ақша қолма-қол шығарылған.

— Жалпы қылмыстық табыс 93 млн теңгеден асып, сол қаражатқа күдіктілер Hyundai Sonata автокөлігін және тұрғын үйі бар жер телімін сатып алған, — делінген ҚМА хабарламасында.

Соттың санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.

Екі күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. 

Айта кетелік 600 млрд теңгелік заңсыз құмар ойын схемасы бойынша тоғыз адам қамауға алынғаны туралы жазған едік