97 жастағы әжей мектеп бітіргені туралы диплом алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық Мичиган штатында тұратын 97 жастағы Маргарет Бикем орта білімі туралы диплом алған кезде көзіне жас алды. Зейнеткер 17 жасында отбасына жәрдемдесу үшін мектепті тастауға мәжбүр болған. 80 жыл бойы әйел диплом алуды армандап келген. Оның туыстары әжейдің тілегін жерге тастамады, деп хабарлады, Inquisitr.

Бикем обырмен ауыратын анасы Кэтринді күтіп-бағуы үшін мектепті аяқтай алмаған. Анасы көз жұмған соң, жалғыз өзі үш інісін өсіру міндетін қолына алған. Ол АҚШ әскерінде кеңсе қызметкері болып қызмет атқарды. Сосын 17 жыл епсикопалдық Грейс шіркеуінде тәрбиеші болған. Ал мектепте оқуын жалғастыруға уақыт таппаған.

Жыл басында зейнеткердің ағасының қызы мектеп директорына Бикемнің арманын орындау мақсатында өтініш білдірген. Әкімшілік бұған қарсы болмады. Егде әйелге диплом өзі тұратын қарттар үйінде табыс етілді.

Шара барысында ол көзіне жас алды.

«Оқуды, барлық мектептегі достарымды тастау маған қаншалықты ауыр болғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын», - деді Маргарет. Зейнеткердің ері бірнеше жыл бұрын қаза тапқан. Оның екі ұлы, төрт немересі, бір шөбересі бар.

Маргарет Бикем еңкейген шақта диплом алған алғашқы зейнеткер емес. 2013 жылы жазда Мексиканың 100 жастағы зейнеткері орта білім туралы диплом алған болатын.