Комиссия мүшелері таңертеңнен жұмысқа кірісті. Сайлаушылар белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Түске дейін мұнда 100-ден астам адам дауыс берді.
Алғашқылардың бірі болып 98 жастағы сахна ардагері және актриса Айша Абдуллина дауыс берді. Ол қырғыздың «Отелло» қойылымында Дездемонаның рөлін сомдаған.
Сайлауға алғаш рет қатысқан Рахман Шахарбекке учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, ҚР Елшілігінің кеңесшісі Ербол Ахметов шағын сыйлық ұсынды. Р.Шахарбек Алматы облысының грек-рим күресі бойынша Қырғызстанға оқу-жаттығуларға қатысу үшін келген. Достарымен және өзге де спортшылармен бірге дауыыс берді. «Алғаш рет дауыс беріп отырмын, бұл азаматтық парызым деп есептеймін. Өз халқымды, елімді мақтан тұтамын», - деді ол.
Жамбыл облысының тұрғыны, еңбек ардагері, «Жеңіске 70 жыл» медалінің иегері 80 жастағы Лидия Толмачева Қырғызстанға емделу үшін келіпті. Сайлау учаскесіне оны қызы әкелді.
«Қазақстанда тұрақтылық пен азаматтық келісім ел дамуының кепілі», - деді ол. ШҚО тумасы, Владимир Буряктың отбасы 1997 жылдан бері Қырғызстанда тұрады. Олар консулдық есепке тіркелген. Сайлау учаскесіне жұбайы Любовь және ұлы Григориймен бірге дауыс беруге келді. В.Буряк дауыс беруге үнемі отбасымен баратынын жеткізді. Еске сала кетейік, ҚР Елшілігінің мәліметінше, консулдық тіркеуде 270 ҚР азаматы бар. Сайлау тізіміне 300-ден астам адам тіркелді. Сайлау учаскесінің жұмысы жергілікті уақытпен сағат 20.00 дейін жалғасады.