А.Атамбаев лай көшкінінен қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қаржылай көмек көрсетілетінін жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғыз Республикасының Президенті Алмасбек Атамбаев ел Үкіметіне қысқа уақыт аралығында Джалал-Абад облысы Созақ ауданындағы лай көшкіні салдарын жоюды және табиғи апаттан зардап шеккендерге бар көмекті көрсетуді тапсырды, деп хабарланған Қырғыз Республикасы Президентінің сайтында.

24 мамыр күні Алмасбек Атамбаевтың тапсырмасымен аталмыш ауданға құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін осы елдің ТЖ министрі Кубатбек Боронов барды. Сондай-ақ оқиға орнына Қырғыз Республикасының вице-премьер-министрі Абдырахман Маматалиев жетті. Мемлекет басшысы А.Атамбаев көшкін салдарынан қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтып, оларға көмек ретінде 100 мың сомнан қаражат бөлінетінін жеткізді. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қырғызстанның Джалал-Абад облысы Созақ ауданында Ырыс селолық округі Кыржол ауылында көшкін болып, бес үйді басып қалды .