Тоқтала кететін жайт, құжатты талқылау барысында депутат Дариға Назарбаева заң жобасына сәйкес мемлекеттік қызметке ұсынуда туыстық, берілгендік белгілеріне тосқауыл қойылатынына тоқталып: «Сіз өзіңіз бұған сенесіз бе?» деп сұраған еді. «Біздің осындай мемлекеттік қызметте қалыптасқан «дәстүрлі механизмді» құрту үшін не істеу керек?» деп сұрады Д. Назарбаева.
«Өз басым бұған сенемін, Дариға Нұрсұлтанқызы. Ондай жағымсыз құбылыс төмендейтініне сенемін. Менің мемлекеттік қызмет істері агенттігіне 11 жылдан соң басшы ретінде қайта оралуыма орай, салыстыру мүмкіндігім болды деп ойлаймын. Қолданыстағы заңды қабылдағанның өзінде бірқатар жағымсыз құбылыстар да төмендеген. Оның ішінде, басшының ауысуына байланысты ауыс-түйіс 3 есеге азайды. Қазір 90-шы жылдарға қарағанда еңбек ресурсының, адами ресурстың шектілігіне байланысты басшылардың өзі қарамағында білікті кадрлар болғанын қалайды. Адами ресурстардың өзі шын мәнінде жеткіліксіз. Өйткені, бірнеше мәрте мемлекеттік органдарды қысқартулар да болды. Жалпы тиімді кадрлық ресурстар басшының алдына жүктелген міндеттерді нәтижелі орындауға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Бәйменов.
Агенттік төрағасының айтуынша, аталған мәселе ең алдымен мемлекеттік қызметтегі корпоративтік мәдениетті жоғарылатумен байланысты. «Бұл барлық мемлекеттік органдардың күш жұмылдыруымен ұдайы әрі сатылап жүзеге асуы тиіс шара.», - деді агенттік төрағасы.