А. Бейсенбаев: Ата Заң - егемен Қазақ елінің басты жетістіктерінің бірі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ата Заң жаңа тарихи кезеңдегі тұтастай қазақстандық қоғамның тұғырнамасына айналды. Бүгін Парламент Сенатында «Конституцияға 20 жыл: құқықтық мемлекет институты және заң шығармашылық процесі» атты тақырыпта өткен халықаралық конференция барысында Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев осылай мәлім етті.

«1995 жылғы 30 тамыз - бүкіл Қазақстан халқы үшін тарихи күн. Бұл күні республикалық референдумда жаңа, Негізгі Ата Заң қабылданды. Тағдыры ортақ Қазақстан халқы дұрыс таңдау жасағанын осы өткен 20 жылдық кезең дәлелдеп берді», - деді жиын барысында вице-спикер Асқар Бейсенбаев.

Сенатор сонымен бірге, жас Қазақстанның Конституциясы мемлекеттіліктің іргелі негіз қалаушы институттарының дамушы күші болып табылатындығын, жаңа тарихи кезеңдегі тұтастай қазақстандық қоғамның құнды тұғырнамасына айналғанын атап өтті.

«Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары, қоғамдық келісім, еркін сайлау өткізу, мемелкеттік билік бірлігі, жергілікті басқару және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің жұмыс істеу қағидаттары басты назарға қойылды. 1995 жылғы Конституция егемен Қазақ елінің басты жетістіктерінің бірі. Жалпыадамзаттық құндылықтар мен жалпы демократиялық құндылықтарға негізделген Конституцияның қабылдануы мемелктетік құрылыстың құқықтық негізін қалады», - деді А. Бейсенбаев.

Сонымен қатар, вице-спикер Конституцияға сәйкес құрылған қос палаталы жүйедегі қазақстандық парламентаризмнің рөліне тоқтала келе, Ата Заң арқасында негізгі заң талаптарына жауап беертін жаңа құқықтық жүйенің құрылғанын да мәлім етті.