А. Бейсенбаев Сенат Төрағасының орынбасары болып сайланды

АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Асқар Бейсенбаев Төраға орынбасары қызметіне сайланды.

Еске сала кетсек, конституциялық өкілеттік мерзімі жеткен жеті сенатор қызметтен босап, олардың орнына Елбасы Жарлығымен басқа депутаттар жақында тағайындалған еді. Солардың арасында Сенат төрағасының бұрынғы орынбасары Александр Судьин де қызметінен босатылып, Палата аппаратының басшысы болып тағайындалған.

Ал Конституцияға сәйкес, Сенат төрағасының орынбасары қызметіне кандидатты спикердің өзі ұсынып, оған палата депутаттары ашық дауыс беру арқылы сайлайды.

Осыған орай, спикер Қайрат Мәми Сенат Төрағасының орынбасары лауазымына Асқар Бейсенбаевты ұсынып, оны сенаторлар бірауыздан қолдады. Айта кетейік, А. Бейсенбаев жақында ғана Елбасының Жарлығымен сенатор ретінде тағайындалған болатын.