А.Дауылбаев қадағалау органдарының басшыларынан кадр саясатын қайта қарауды талап етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін болып өткен Бас прокуратураның алқа мәжілісінде Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен прокуратура органдарына кадрларды іріктеу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Бас Прокурор атап өткендей, сапалы кадрлық қамтамасыз ету жүйесін құру қадағалау органдарының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Бас прокуратура осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарды. Кейінгі жылдары кадрды басқарудың көптеген инновациялық технологиялары жүзеге асырылды: құқықтық база жаңартылды, кандидаттарды іріктеу жүйесін жетілдіру бойынша шаралар қабылданды, меритократия және ашықтық қағидаларын, кадрларды аттестаттауды қамтамасыз ете отырып қызмет өткерудің заманға сай технологиялары енгізілді.

Қызметке қабылдау барысында, сондай-ақ аттестаттау және қызметтік тергеп-тексеру жүргізгенде міндетті түрде полиграфологиялық зерттеуді қолдану бекітілді.

Әсіресе төменгі аумақтық бөлімшелерде жас мамандарды даярлау және олардың кәсіби қалыптасуы мәселелеріне ерекше назар аударылады. Осы мақсаттарда Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясы құрылды, ол кадрлардың жаңа толқынын оқыту және тәрбиелеудің басты орталығына айналмақ.

Бас Прокурор қадағалау органдарының басшыларынан кадр саясатын қайта қарауды, прокурорлардың қатарын өздерінің іскерлік және моральдық қасиеттерімен қойылған тапсырмаларды құзыретті шешуге және азаматтардың сеніміне ие болуға қабілетті білікті мамандармен толықтыруға бағытталған бірізді шаралар қабылдауды талап етті.