А. Дауылбаев жас мамандарының кәсіби деңгейін арттырудың республикалық курстарын ашты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев прокуратура органдары жас мамандарының кәсіби деңгейін арттырудың республикалық курстарын ашты.

«Екі апта бойы прокуратура органдарында еңбек өтілі үш жылдан аспайтын біздің жас қызметкерлермен тәжірибемен алмасу және олардың біліктілігін шыңдау жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағыттағы шараларға ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, депутаттар, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының, сондай-ақ біздің прокуратура органдарының ардагерлері көмектеседі», - деді А. Дауылбаев.

Оның сөзіне қарағанда, оқыту бағдарламасында шешендік өнер, көшбасшылық қасиеттер, заңгерлік хаттардың техникасы тәрізді қажетті қосымша дағдыларды дамытуға бағытталған арнайы сабақтар, сондай-ақ күйзеліске тұрақтылық бойынша тренингтер өткізу жоспарланған.

Екі апталық курстар барысында жас мамандар алдында Бас прокуратураның департамент басшылары, өңір прокурорлары дәріс беріп, қадағалау қызметінің негізгі бағыттары бойынша тәжірибелерімен және білімдерімен бөліседі.