***
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтон қаласында өтіп жатқан Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммит қарсаңында Карнеги қорының президенті Уильям Бернспен кездесті. Бұл кездесуден кейін Елбасы АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлерінің алдында сөз сөйледі. Осы жайында көлемді мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Ілгері ниет, ілкімді ой» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, Қазақстан Президенті біздің ел Жаһандық ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерге белсене қатысуды маңызды санайтынына екпін берді. «Ажал себетін қаруларды ғарыш кеңістігінде, әлемдік мұхит табаны мен бейтарап суларда, сондай-ақ, Арктикада орналастыруға тыйым салатын іргелі шешімдер қабылдайтын уақыт келді. Ғылыми жаңалықтарды жаппай қырып-жою қаруларының жаңа түрлерін жасауға қолдануды тыю жөніндегі халықаралық келісім мен БҰҰ реестрін әзірлеген жөн», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Еуразия өңірінің дамуына қатысты да өз ойларын ортаға салды. «Еуразия өңірі әлемдік саясаттағы негізгі геосаяси және геоэкономикалық фактор. Бұл жерде Қытай мен Ресей, АҚШ пен Еуроодақтан бастап, Үндістан, Иран және Түркияға дейінгі барлық жаһандық ойыншылардың мүдделері тоғысып отыр. Өңірдегі қақтығыс ықтималдығын ынтымақтастық пен ықпалдастықты тереңдету арқылы азайта отырып, өңірлік үдерістерді сындарлы арнаға бұру өте маңызды. Сондықтан да мен Біріккен Еуразиялық экономикалық кеңістік құруды ұсындым», деді Қазақстан Президенті.
«Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева Астана қаласының бірқатар әлеуметтік нысандарын аралады. Бағдарлама бойынша, алдымен №10 қалалық емхананың, елордалық денсаулық сақтау басқармасының Call-орталығы және емханаларға келушілерді денсаулық жағдайының дәрежесіне қарай қабылдауды қамтамасыз ететін TRIAGE-жүйесінің жұмыстарымен танысты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Д.Назарбаева №10 қалалық емханада Астана қаласының медициналық қызметкерлерімен кездесті. Салиқалы әңгіме барысында бүгінде елорданың медициналық саласында орын алған проблемалар мен қол жеткізген жетістіктер жан-жақты тілге тиек етілді. Бүгінде емханадағы дәрігерлердің сырқаттарды қабылдауға бөлінген уақытының 40 пайызы қағаз толтырумен өтеді екен. Осыған байланысты Үкімет басшысының орынбасары қалалық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерік Байжүнісовтен қағазбастылықпен күрес барысы қалай жүзеге асырылып жатқанын сұрады. «Қағазбастылықпен күрес пәрменді жүргізілуде. Алайда, қазіргі күнде қолданыстағы бағдарламалардың өзі 14-ке жуық. Олардың бәріне жауап беру керек. Біз қағазбастылықты азайту мақсатында осы сәуір айынан бастап смарт-медицина бағдарламасын енгізе бастаймыз. Бұл озық әдіс қағазбастылықты барынша азайтуға тиіс», - деді департамент басшысы. Премьер-Министрдің орынбасары қалалық медицина саласында бірыңғай дерек базасын құрып, бұл мәселені толық автоматтандыруды ұсынды. Мақала «Әлеуметтік саланың әлеуетімен танысты» деген тақырыппен берілген.
***
«2014 жылы бокстан Қазақстан чемпионы атанған Зарина Цолоева жайындағы мақала бүкіл әлемге тарады. Анджелина Джолиге қатты ұқсайтын бұл сұлу жайындағы мақаланы танымал британдық The Sun газеті жазған болатын», - деп жазады «Экспресс К». The Sun газетін 8 млн. адам оқиды және ол шоу-бизнес әлеміндегі басты жаһандық басылым саналады.
***
Атырауда ұрылар экскаваторды ұрлап кетіп, металл ретінде өткізіп жіберіпті. Бұл жайында «Время» газеті жазды. Басылымның деректеріне сәйкес техникасының жоғалғаны жайында оның қожайыны полицияға арыз түсірген. 39 бен 40 жастағы атыраулық ұрылар өздерін өздері ұстап берді десек те болады. Олар металл қабылдайтын орынға экскаватордың бөлшектерін жеке куәліктерін көрсету арқылы өткізген. Сондықтан олар бірден қолға түсіп отыр.