А.Ешмұратов: Сайлау - елдегі саяси партиялар жүйесі дамуының жаңа кезеңі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау - елдегі саяси партиялар жүйесі дамуының жаңа кезеңі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан саясаттанушылары Конгресі басқарма төрағасының орынбасары Арман Ешмұратов мәлім етті.

«Қазақстан Президентінің 20 қаңтардағы Жарлығы әлемдегі және елдегі экономикалық ахуалға байланысты қабылданғанын айта кеткен жөн. Бірақ бұл шешім келешек жаңашылдықтар мен реформалардың сапалы орындалуын күтіп отырған Қазақстан азаматтарының тілегі негізінде жасалды. Көбіміз үшін бұл Жарлық кездейсоқтық болған жоқ. Себебі бұл мәселе жалпы халықтың қызу талқылауына, сенімді қолдауына ие болды. Жарлық Конституция мен қолдағы заңнаманың аясында қабылданды», - дейді ол.  

А.Ешмұратовтың айтуынша, бұл сайлау науқанының ерекшілігі сол - ҚР Парламенті Мәжілісіндегі үш партия фракциясының бастамасымен көтерілді.

«Бұл факті елдегі саяси партиялар жүйесі дамуының, саяси мәдениеттің жаңа кезеңі басталғандығын білдіреді. Әлемдегі экономикалық қауіп-қатерлер бірлескен бастаманы көтеруге түрткі болды. Сондықтан да бұл ортақ үндеу   халықтың қолдауына ие болып, ҚР Президентінің Жарлығымен заңды түрде бекіді. Бұл - саяси партиялар мемлекет пен халық мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятындығын көрсетеді. Аталмыш үндеу олардың саяси жауапкершілігін білдірсе керек. Бір жағынан дамудың қиын кезеңінде сайлау өткізу туралы шешімді жариялау, әрбір саяси партия үшін тактикалық көзқарасын білдірудің үлкен мүмкіндігі», - деп атап өтті саясаттанушы.

Оның пікірінше, кезектен тыс сайлау - экономикадағы дағдарыс белгілерімен күресудің амалы.

«Электоралды науқанды қазір өткізіп, кейін «Ұлт Жоспары» реформаларын орындаудың «100 нақты қадамы» бағдарламасына бар ынта-жігермен кірісуге жол ашылады. ҚР Президенті «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында ел дамуының өзіндік көзқарасын таныстырды. Біздің қоғамға қазіргі уақытта ең басты мақсат - жаһандық қауіп-қатерлерге қисынды жауап беру. Оның саяси жауабы - Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау. Сайлау - халық мүддесінің ортақ арнаға тоғысуы, саяси партияларға сенім мандатын беру», - деді А. Ешмұратов.

Сонымен қатар, саясаттанушының айтуынша, сайлау халық кемелденуінің деңгейін көрсетеді.

«Біз қоғамның жаңғыруының алдында тұрмыз. Біз өзіміздің қазақстандық арманға тікелей беттеп келеміз. Дағдарыс болса, кез келген ашық экономикалық модельде ара-тұра орын алып тұратын қалыпты ахуал. Дағдарыс біздің реформаларға өзгерістер әкелуі ықтимал, бірақ оларды тоқтату мүмкін емес. Басқа жағынан қарасақ, дағдарыс қай кезде ушыға түседі?! Оған қарсы не істейтінін білмеген кезде. Біз үшін іс-қимыл алгоритмі нақты жазылған. Біздің даму стратегиямыз оған нақты жауаптар бере алады. Ұлт Жоспары, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен ҚР ҮИИДМБ жүзеге асыру, барлық дағдарыстан сеніммен шығуға мүмкіндік береді», - деп түйді сөзін А.Ешмұратов. ­