А. Есімов: Жекеменшік үйлерді салуға жер телімдерін беруді шектеу қажет

АЛМАТЫ. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда оңтүстік астананың жер телімдерін және қала маңы аймағын пайдалану мәселелері жөнінде өткен кеңейтілген отырыста қала әкімі Ахметжан Есімов жекеменшік үйлерді салуға жер телімдерін беруді шектеу қажеттігін мәлімдеді.

«Біздің бас жоспарымыз бар. Соған сәйкес қай жерде не салынатыны жазылған. Егер осы бас жоспарда қажет еткендерге беруге болатын бос жер телімдері бар болса, бұл - бір мәселе. Барлық жер баяғыда сатылып кеткен, олар жекеменшік болып табылады және құны өте жоғары. Әкімдік заңға сәйкес өздерінің жерлерін талап ететін азаматтардың өтініштерін қалай орындайды? Егер бұл норма қолданыста жүретін болса, онда адамдар сенеді», - деді А.Есімов. Ол бүгінгі күні әкімдікке өз жерін алғысы келетін қалалықтардан 110 мың өтініш келіп түскенін хабарлады.