A/H1N1 тұмауын жұқтырған Астанадағы екі оқушының жағдайы жақсарып келеді

АСТАНА. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - A/H1N1 тұмауын жұқтырған елордалық  екі оқушының жағдайы жақсарып келеді.

Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің  Астана қаласы  бойынша  Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау  департаментінің  директоры Жандарбек Бекшин   айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Қаладағы инфекциялық стационарға түскеннен кейін және тиісті тегін емді алғаннан кейін екі оқушының жағдайы жақсарды. Оларды емдеуге «Тамифлю» атты арнайы вирусқа қарсы препарат қолданылуды», деді Ж. Бекшин.

 Оның сөзіне қарағанда, A/H1N1 тұмауын жұқтырған тағы 1 балада және 3 күдікті жағдайдағы балаларда аурудың жеңіл түрі болғандықтан, олар дәрігерлердің бақылауымен  үйлерінде ем қабылдауда. «Үйлерінде ем қабылдап жатқандықтан, олармен байланыстағы адамдардың барлығы сауықтыру емдерін қабылдап жатыр», деді ол. 

 ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, A/H1N1 тұмауын жұқтырды деген күдікпен 6 оқиға тіркелген. Тексеру барысында 3 адамның осы тұмауды жұқтырғаны расталып отыр.  

 «2009 жылғы шілденің 23-інде 03 сағат 00 минөтте Республикалық санитарлық эпидемиологиялық стансының референс-зертханасында алғаш ауырған  3 баланың сынамаларында A/H1N1 тұмауы вирусының қоздырғышы барлығы анықталды», делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.