- Әсет Өрентайұлы, аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қаншама жаңа құрылыс қолға алынды, авто, теміржол жобалары жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі біздің еліміздің транзиттік дәрежесін арттыратыны сөзсіз. Екі жылдың ішінде атқарылған істер аз емес, алайда осының бәрін рет-ретімен айтып берсеңіз. Автожол магистралдарының құрылысынан бастасақ. Қанша жоба бар? Олардың жайы қалай?
-Мемлекет Басшысы күн сәулесі сияқты тармақталған - ел ішіндегі өңірлерді орталықпен байланыстыратын, одан әрі сыртқы нарыққа жол ашатын инфрақұрылымды дамытуға, жол құрылысына айрықша көңіл бөліп келеді.
Шын мәнінде, жолдарды салу, жаңа теңіз, теміржол және авиа маршруттардың ашылуы, логистикалық орталықтардың құрылуы біздің экономикамызды дамыту үшін, біздің бизнесмендеріміздің экспортқа шығуы үшін өте қажет. Үлкен жолдардың бойында сауда-саттық өрістейді, жол бойындағы ауылдардың тіршілігі жанданады.
Осы ретте біз барлық жол Астанаға баратын, ал Қазақстан транспорттық хаб болатын тармақты жасамақпыз.
Былтыр еліміздегі 11 ірі жобаның 8-інің құрылысын бастадық. Бұл - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай», «Орталық - Оңтүстік», «Орталық -Шығыс», «Бейнеу - Ақтау», «Алматы - Өскемен», «Астана - Петропавл», «Ақтөбе - Атырау» және «Орал - Каменка». Биыл 1700 километр жол салу қамтылады. Оның ішінде 900 километрі жыл аяғына дейін қайта қалпына келтіріледі.
- Сөз басында жолдар күн сәулесі қағидатымен өңірлердің бәрін Астанаға жалғайды деп қалдыңыз. Осы автожолдардың жайы туралы егжей-тегжейлі айта кетсеңіз.
- Астана мен Алматы арасын жалғайтын жол құрылысы «Орталық - Оңтүстік» деп аталады. Бүгінгі таңда Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай бағытында жол салынып жатыр. Мұны биыл бітіруді жоспарлап отырмыз. Ал осы жобадағы ең ұзын жол - 888 километр, бұл Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал-Күрті арасындағы жолды салу халықаралық банктердің қаржысын тарту есебінен келесі жылы басталады. Астана-Алматы жобасын, яғни 4 жолақты жол құрылысын толық аяқтауды 2021 жылға межелеп отырмыз.
«Орталық - Шығыс» жобасына келетін болсақ, бұл жердегі әңгіме Астана - Өскемен бағытындағы жол құрылысы туралы. Қазір Астана-Павлодар-Семей-Қалбатау учаскелерінде салынып жатыр. 218 километр жол пайдалануға берілді.
Биыл Астана-Павлодар арасындағы 200 километр жолды ашуды және Ертіс өзеніндегі көпір өткелінің құрылысын бітіруді жоспарлап отырмыз. Қалбатау - Өскемен учаскесі Эксимбанк қаражаты есебінен салынатын болады. Оның құрылысын келер жылы бастаймыз. «Орталық -Шығыс» жобасы толығымен 2020 жылы бітетін болады.
Үшінші үлкен жоба - «Орталық - Батыс» - /Астана-Ақтөбе-Атырау-Ақтау/. Қазір Бейнеу-Ақтау учаскесіндегі 470 километр жол салынуда. Оның 252 километрінде жол ашылған. Биыл 100 километрі бітеді.
Сондай-ақ, Ақтөбе мен Атырау арасындағы жол құрылысы да жүріп жатыр, ол келесі жылы аяқталады. Қалған жолдарды сыртқы займдар арқылы салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі күнде халықаралық банктермен бұл турасында келіссөздер жүргізілуде. «Орталық-Батыс» жобасы толығымен 2020 жылы аяқталатын болады.
- Астанадан Солтүстік Қазақстанға қарай бағытталатын жолды айтпадыңыз...
- Иә, қазір Астана - Петропавл автожолының құрылысы жүріп жатыр. Ұзақтығы 531 километр болатын бұл жолдың Көкшетау - Петропавл учаскесіндегі жұмыстар жүргізілуде. Биыл сәтін салса, Астанадан Петропавлға дейінгі жол қозғалысын ашамыз. Петропавлдан Ресей шекарасына дейінгі учаскені қаржы бөлінген жағдайда келесі жылы бастап, 2020 жылы бітіруді межелеп отырмыз.
Ресей тарапына қарай тағы бір жол Батыс Қазақстан облысында салынып жатыр. Бұл - «Орал-Каменка» жолы, ол Саратовқа шығады. Мұны 2018 жылы пайдалануға беретін боламыз.
- «Нұрлы жол» бағдарламасы басталғанда Қарағанды облысының тұрғындары «Қарағанды мен Жезқазған арасында жол салынатын болар» деп бір үміттеніп, желпініп қалған еді. Бұл бағытта жол салу жоспарда бар ма өзі?
- «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды» бағытындағы 925 шақырымдық жол «Нұрлы жол» бағдарламасындағы өзекті жобалардың бірі. Бұл жолды сыртқы займ есебінен салатын боламыз. Қазіргі таңда халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер бәрі сәтімен болса, келесі жылы қажетті құжаттарды әзірлеп, қол қойып, сосын жол салуға кірсеміз.
Сыртқы займ есебінен салынатын тағы екі жоба туралы айта кеткім келеді. Бұл - Мерке-Бурылбайтал / 273 км/ және Бейнеу-Ақжігіт /84 км./ автожолдары. Оның құрылысын келесі жылы бастаймыз, сөйтіп кезең-кезеңімен пайдалануға беретін боламыз. Толық аяқтауды 2020 жылға белгіледік.
- Әсет Өрентайұлы, Сіз жақында еліміздің оңтүстігінде болып, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралінің құрылысын тексеріп қайттыңыз. Жолдың сапасы қалай екен? Межелеген мерзімде біте ме? Қандай олқылық бар?
-«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізін біз биыл толық пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Екі мың километрден астам жол салынды, қазір Шымкенттен Ресей шекарасына - Орынборға шығатын, сондай-ақ Тараз-Алматы бағыты бойынша жол қозғалысы ашылды.
Қазір Алматы- Қорғас, Шымкент-Ташкент және Шымкент пен Жамбыл облысының шекарасындағы жол құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ былтырдан бері Қордай асуын айналып өтетін жол құрылысының 2-ші кезеңі басталғанын айту керек.
Алматы-Бішкек автожолындағы көлік қозғалысы 2 есе өскенін және жол апаттарының көбейгенін ескере отырып, Ұзынағаш-Отар учаскесіндегі 96 километр жолды ІІ техникалық категориядан 4 жолақты бірінші категорияға ауыстыру жоспарланып отыр.
Реконструкция 2017 жылдан басталады, 2019 жылы аяқтаймыз. Сонда Қорғастан - Қызылордаға дейінгі жолдың бәрі 1-ші категориялы болады. Бұл өз кезегінде жол апаттары мен өлім-жітімді айтарлықтай азайтады.
Жол құрылысының мерзімінде аздаған ауытқушылық болғаны рас. Негізі себеп - климаттық жағдайларға тіреледі /жауын-шашынның шамадан тыс көп болуы/ және жол бойындағы жер учаскелерін сатып алу ісінің созбақталып кетуіне байланысты болды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында тап осы мәселелер жол құрылысының кешеуілдеуіне себеп болды. Бірақ жергілікті әкімшілік барлық мәселені шешті, қазір жол құрылысы қызу жүріп жатыр.
Жамбыл облысымен шектес жерде қазір автомобиль туннелі салынуда. Алдында бұрынғы жолды пайдалана береміз бе деген ой болған, алайда ол тура асуға барып тірелетін-ді, соның салдарынан қыста бұл маңайды қалың қар басып қалатын. Адамдар мен көліктер қар астында қалып, жұрт осыдан әбден зардап шегіп келді. Тіпті азық-түлікті тікұшақ арқылы жеткізген кездер де болды. Сол себептен де бұл тұстан ұзындығы бір километр болатын туннель қазуды ұйғардық. Жыл соңына дейін ол да пайдалануға берілетін болады.
Ал сапа мәселесіне келетін болсақ, бұл - ең өзекті және өткір мәселе. Республикалық жол тармақтары нысандарында 5 деңгейлі бақылау жүйесі енгізілген: мердігердің сапа қызметі; техникалық қадағалау; авторлық қадағалау; облыстық жол лабораторийлері; тапсырыс берушінің сапа қызметі. Сонымен бірге, жол сапасын әкімдіктер мен «Қазавтожол» ұлттық компаниясы және министрлік өз бақылауына алғанын айтсақ та болады. Стандарттарға сай келмейтін учаскелерді қайта жасауға мәжбүрлейміз.
- Сонда қалай? Жол салушылардың өз есебінен бе?
- Әрине! Мердігерлік келісім-шарттарда құрылыс біткеннен кейінгі 5 жылдық мерзімге кепілдік кезеңі көрсетілген, оның үстіне банктік кепілдік енгізілген. Егер осы уақыт аралығында жол сапасында ақау орын алса, мердігер компания оны тек өз есебі мен өз күштерімен қалпына келтіруі тиіс.
Бұдан өзге, сапаға бақылауды арттыру мақсатында еліміздің барлық өңірінде жол лабораториялары жұмыс істейді. Олар республикалық және жергілікті жол тармақтарын қамтиды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана және Алматы қалаларында қосымша екі лабораторий құрылып жатыр.
Қазақстанның климаттық жағдайына сәйкес келетін жаңа цементбетон мен қиыршықтасты асфальтбетон жабындылары жол құрылысында кеңінен пайдаланылуда. Автожолдардың сапасын жақсарту мен сақталуын арттыру үшін түрлі полимерлі модификаторлар, топырақ стабилизаторлары пайдаланылып келеді. Асфальтбетонға арналған озық технологиялар мен қорғаныш қабаттары да қолданылуда.
Осы ретте біздің министрлік үш категория бойынша дәрежеленген жол бойындағы сервис нысандарының стандарттарын бекіткенін атап өткім келеді. Стандартқа сәйкес жолдың әр 50 километрінде 3-ші категориялы нысандар болуға тиісті - бұл жанармай құю бекеті, тамақтану пункті, автотұрақтар мен СТО. Ал әрбір 200 километрде екінші категориялы нысандар - кемпингтер, ал туристік немесе тарихи орындарда келушілердің бірнеше күн тұрақтауы үшін жағдай жасайтын бірінші категориялы нысандар болуға тиісті.
- Автожол құрылысын салғанда отандық өндіріс материалдарын қолдану керектігі туралы талай рет айтылған болатын. Жергілікті материалдар халықаралық стандарттарға сай келе ме? Осы жағы қалай?
- Иә, отандық өндіріс материалдары халықаралық стандарттарға сай келеді. Бүгінгі күні жол-құрылыс материалдарының 90 пайызы - отандық өндіріс. Барлық 4 битум және 10 цемент зауыты іске қосылған. Олардың өндірістік қуаты арқасында битум мен цементке деген қажеттілік толық қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, барлық жол құрылысында 9 мың данаға жуық жол-құрылыс техникасы жұмылдырылды.
«Нұрлы жол» бағдарламасындағы құрылыс жобаларының шарықтау кезеңі 2017-2019 жылға тап келеді. Бұл кезеңде жол құрылысы жұмыстарына цемент, битум, инертті материалдар, темірбетон бұйымдарын өндіретін барлық отандық өндірісшілер тартылатын болады.
- Бұл кезеңде жұмысқа қанша адам тартылатынын айтпайсыз ба?
- Шамамен алғанда 170-200 мың адам. Мәселен, Алматы облысында - 31 мың адам, Қарағанды облысында - 27 мың адам, Ақмола облысында - 22 мың адам, Ақтөбе облысында - 17 мың адам, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында әрбірінде 15 мың адамнан жұмысқа жұмылдырылады. Қалған облыстарда - 10 мың адам мұғдарында болады / Маңғыстауда - 11 мың, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында 10 мың адамнан, Қызылорда, Қостанай және Атырау облыстарында 8 мың адамнан, Батыс Қазақстан облысы мен Астанада 6 мың адамнан тартылатын болады.
- Батыс бағыттағы экспорттық әлеуетімізді арттыруға Құрық портынан паромдық өткізу және Боржақты-Ерсай теміржол желісі, «құрғақ порт» Қорғастағы термианалдық қуаттылықтың артуы ықпал ететіні белгілі. Бұл жобаларды пайдалануға бергеннен кейін тағы қандай тиімділіктер болатынын айта аласыз ба?
- «Қорғас - Шығыс қақпа» еркін экономикалық аймағында құрғақ порттың бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Бұл Қорғас арқылы жүретін тауар айналымының көлемін 8 есе арттыруға немес жүк тасымалын жылына 4 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Құрғақ порт - Қытаймен шекарадағы үлкен көліктік-логистикалық тораптың - «Қорғас -Шығыс қақпа» еркін экономикалық аймағының негізгі құрамдас бөлігі.
Бүгінгі таңда Каспий маңындағы елдердің порттарына теміржол-паромдық жүктерді тасымалдау тек қана Ақтау порты арқылы мүмкін болып отыр. Кейінгі жылдары теңіз портындағы паромдық терминал өзінің ең шекті өткізгіш қабілетінде жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Каспий жағалауы аймағында қосымша паромдық қуат көздерін құру туралы шешім қабылданған болатын. Бұл жобаның маңыздылығы мен өзектілігі айрықша. ТРАСЕКА көліктік дәлізінің барлық көліктік инфрақұрылымының дамуында Каспий теңізіндегі паромдық инфрақұрылымға кіретін қазақстандық телімде бар. Осылайша, Құрық портында паром терминалын құрудағы басты мақсат - Қытай-Еуропа бағытындағы халықаралық көлік дәлізіндегі қазақстандық буынды күшейту.
Транзиттік жүк тасқынына қызмет көрсете отырып, еліміз өз кірісін ұлғайтады. Бұл салықтық төлемдердің артуы мен бюджеттің толығуына ықпал етеді. Оның үстіне қазақстандық экспортерлерге өз өнімдерін Каспий өңіріндегі елдер мен одан әрі Батысқа қарай тасымалдау үшін қосымша паромдық инфрақұрылымдар ұсынылатын болады.
Боржақты - Ерсай теміржол тармағы Құрық портында салынып жатқан паромдық кешенді теміржол магистралімен жалғайды. Теміржол желісі жағалауда салынып жатқан кемежасау және кемежөндеу зауыттарына, сондай-ақ металлконструкцияларын шығаратын зауытқа көліктік қызмет көрсетуге бағытталған.
- Теміржол тақырыбы қозғалып қалды ғой. Әсет Өрентайұлы, теміржол учаскелерінің өткізгіштік қабілетін арттыру туралы талайдан бері айтылып келе жатқан мәселелер қалай шешіледі?
- Бұл - біздің алдымызда тұрған міндеттердің бірі. Және ол шешіліп те жатыр. Қалай дейсіз бе? Мысал келтіре кетейін. Алматы-Шу учаскесін алайық. Жобаның маңызы мен өзектілігін түсіну үшін тоқтала кеткен жөн шығар. Бұл учаске үш жақтан екіжолдық тармақпен - Алматы стансасынан шығыс бағытқа қарай екіжолдық теміржол жұмыс істеп тұр; Шу стансасынан солтүстік және батыс бағытқа қарай да екіжолдық теміржол инфрақұрылымы бар. Сонда Шу мен Алматы стансалары арасындағы біржолдық учаске ең төмен өткізгіш болып, былайша айтқанда, оңтүстік өңірдегі барлық теміржол желісіне «кептеліс» туғызып отыр. Өз кезегінде Шу-Алматы учаскесі өте маңызды! Ол Қытай бағытында - Азия елдеріне қарай транзиттік жүктерді тасымалдау үшін және Алматы өңірінен Қазақстанның бүткіл тарабына барлық ішкі тасымалдарды жасауға пайдаланылып отырған жайы бар. Яғни, жаңа жоба өткізгіштік қабілетін көтеру және жеткізу мерзімін қысқарту, сондай-ақ көліктік шығындарды төмендету есебінен Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік жасайды. Ал бұл айналып келгенде, қазақстандық сатушыға да, тұтынушыға да өте тиімді.
Осы орайда, бүгiнгідей экономикалық қиын кезеңде «Нұрлы жол» бағдарламасы еліміздің индустриаландыру бағдарламасымен қоса алғанда тұрақтандырушы рөл атқаратынын тағы да айта кеткім келеді.
Бұл бағдарламаның мән-мағынасы одан да тереңде жатыр: Қазақ Елінде бұрын болмаған жаңатұрпатты көліктік инфрақұрылым жасалып жатыр. Біз сол арқылы Ұлы Жібек Жолының бір бөлігін қайта жаңғыртып жатырмыз. Ал бұл Алла жазса, ғасырдан - ғасырларға жалғасатын жоба бола бермек.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Н.НАРЖАН
«Айқын» газеті, 2016 жылдың 15 маусымы