Ә.Исекешев туризмді дамыту жөнінде еліміздің барлық өңірлері үшін әмбебап ұсыныс әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде Қазақстандағы ішкі туризмді дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті,

деп хабарлады аталған ведомствоға қарасты Туризм индустриясы комитетінің баспасөз қызметінен.

Ведомствоның атап өтуінше, жиын барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев шетелдік саяхатшыларға түсінікті болуы үшін еліміздің барлық өңірлеріне арналған Қазақстанның қонақжайлылығы мен көрікті орындарына қалай бару керектігін көрсететін әмбебап ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Батыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарының әкімдіктеріне туризмді дамыту жөніндегі жеке құрылымдық бөлімше құру ұсынылды.

Сондай-ақ Ә.Исекешев 2014 жылдың басында ҚР Үкіметі жанындағы Туризм жөніндегі кеңес отырысына дайындауды тапсырды. Аталған алқалы жиында Қазақстанның ішкі туризмін дамыту мәселесі кеңінен қаралатын болады.

ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Иғалиевтің айтуынша, еліміздегі туристік қызмет саласындағы шараларды ұйымдастыратын ұйымдардың табысы соңғы 5 жылда 95 пайызға артып, 2012 жылы 151,6 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте туристік фирмалардың саны 767 бірлікке артып, 2012 жылы 1994-ке жеткендігін атап өткен орынды. Ал Қазақстандағы туристер үшін барынша тартымды өңірлер мыналар: Алматы, Астана, Оңтүстік Қазақстан облысы (Түркістан мен Сарыағаш), Щучье-Бурабай курортты аймағы.

Жиын қорытындысында Ә.Исекешев Туризм индустриясы комитетіне облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктерімен ішкі туризмді дамыту жөніндегі меморандумды әзірлеуді және қол қоюды тапсырды. Бұл ретте «ЭКСПО-2017» аясында өңірлердің туристік мүмкіншіліктерін қарастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.