Ә. Исекешев жылу маусымына дайындығы төмен қалаларды атады

АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Министрлер кабинетінің бүгінгі мәжілісінде ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жылу маусымына дайындығы төмен негізгі үш қаланы атады.

«Атап өтер жайт, соңғы үш жыл қатарынан жылу маусымына дайындығы ең төмен қалалардың тізімін Семей, Кентау және Теміртау бастап келеді. Сондықтан осы қалаларда жылу маусымына жауапты компаниялардың менеджменті өз қызметіне қаншалықты сай екендігін жан-жақты тексеріп шығу қажет. Себебі үш жыл қатарынан жылу беру маусымы барысында төмен көрсеткіштермен жұмыс істеуге болмайды. Біздіңше, ол кәсіпорындарға нақты бір талап қойған жөн. Мәселен, жарты жылдың ішінде олар тізімнен шықпаса, бұл мәселені нақты шаралармен шешу керек», - деп атап көрсетті Ә. Исекешев.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов жылу беру маусымын сәтсіздікке ұшыратқан жылу беру орталықтары директорларын қызметінен босатуды тапсырды.