А.Қастеев атындағы мұражай балалар үшін мерекелік, танымдық іс-шаралар өткізуде

АЛМАТЫ. 1 маусым. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда А.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр.

Мерекелік шараға балалар және шығармашылық, өнер, сурет студияларының оқушыларымен қатар мектеп және гимназияның оқушылары да шақырылған.

Өнер мұражайы балалар үшін қызықты бағдарламалар дайындаған. Таңғы сағат 10-нан бастап мұнда «А.Қастеев шығармашылығы» және «Қазақстандағы бейнелеу өнері» атты орыс және қазақ тілінде дәрістер, «Менің балалық шағымның әлемі» атты байқаулар, «Әрқашан күн сөнбесін» деген атаумен асфальт үстіндегі сурет байқаулары өтті. Түстен кейін балалар шығармашылығы бойынша шеберлік сыныптар, «Натюрморт өнері» атты дәрістер өткізілетін болады. Келемін деуші балалар үшін есігін айқара ашқан мұражай бұнымен қатар, балалар хит әндерінен құралған би кешін, ертегі кейіпкерлерімен кездесулер, боди-арт, фейс-арт, мерекелік әуе шарын аспанға ұшыру және тағы да басқа көптеген шараларды ұйымдастыратын болады. Шараға қатысу тегін.

«Әр халықтың, әр ұлттың, адамзат қоғамының ертеңгі күнге үміт артар сенімі де, серігі де, өмірі де - балалар. Бүгінгі сәби - ертеңгі ұрпақтың жалғасы, біздің болашағымыз. Сондықтан, бүгінгі тамаша мереке де, базарлық та, сыйлық та өнерлі балаларымыз үшін жасалынып отыр»,-деді А.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының директоры Бақыт Сералиев.