«А» корпусына өткен азаматтардың 50 пайызы жұмыссыз жүр - Қ. Қожамжаров

АСТАНА. ҚазАқпарат -«А» корпусына өткен азаматтардың 50 пайызына жуығы жұмыссыз жүр. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров осылай мәлім етті.

Агенттік басшысының айтуынша, «А» корпусына өткен азаматтарды жұмысқа орналасудың мерзімі мен шектелген уақыты да баршылық. Ал осы уақыт ішінде кандидаттарға жұмыс берілмесе, олардың конкурстан өту нәтижелері өз күшін жояды.

«Екіншіден, «А» корпусына кім өтіп отыр деген мәселе өзекті. Олардың білімі мен теориясы жағына ғана емес, жеке басының қасиеттеріне, өмірлік тәжірибесіне басымдық берілуі керек. Олар аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі тәжірибелік сатылардан өтулері тиіс. Мәселен, аудан халқы өз әкімінің білікті қызметкер екенін, оның іскерлігін біледі. Алайда, сондай азаматтар теориялық жағынан ақсап, конкурстан өтпей қалды», - дейді Қайрат Қожамжаров.

Бұл ретте агенттік төрағасы «А» корпусы бойынша заңдардан емтихан тапсыру мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, тест өткізуде шектеулер болмауы керек. «Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңның 70 пайыздық межесіне жете алмағандар сынақтан өтпей жатыр. Бұл керек пе, өзі? Біз бұны алып тастауымыз керек, өйткені осының өзі Агенттіктің ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстың көріністерін тудырып отыр. Жасыратын ештеңе жоқ, қазір «А» корпусының тестінен өту үшін таныс іздеушілер де шығып отыр. Бұл сыбайластық, мен оны байқап отырмын», - деді ол.

«Менің осы қызметке келгенімен көп болған жоқ. Дегенмен, терең сараптама жасадым. Менің ойымша, «А» корпусына түсетін азаматтар сатылы түрде көтерілуі керек: аудан, облыс және республика деңгейінен өтіп қана «А» корпусына түсуге ұмтылуы керек. Бұған халық та қатысуы керек. Мәселен, «А» корпусына өтерде кандидат туралы жұртшылықтың, оның әріптестерінің оң пікірі де қажет», - деді Қайрат Қожамжаров.

Сонымен қатар, Агенттік төрағасы «А» корпусына қатысты іріктеу жүйесіне көңілі толмай отырғанын жеткізді. «Менің Елбасына дайындап отырған ұсынысым бар. Тестілеудің жоғары шегін алып тастау керек деп ойлаймын. Ең бастысы, адамның білім деңгейі ғана емес, олардың халықпен жұмыс істеуі, жұртшылық пен қызметкерлердің бағасы үміткер үшін маңызды болуы керек. Осындай бағалауларды қоса отырып қана кандидаттарды Ұлттық комиссияға шығаруға тиіспіз», - деді Қ. Қожамжаров.