«А» корпусына үміткерлердің 33 пайызы ел заңнамасын білу бойынша тестілеуден өте алмады

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Кеше «А» корпусына үміткерлердің арасында Қазақстан Республикасының заңнамасын білуден тестілеу өтті.

Одан 166 кандидаттың 113-і сүрінбей өтсе, заңнаманы білудің шекті мәнінен 53 кандидат немесе тестілеуге қатысушылардың жалпы санының 32 пайызы аса алмады, деп хабарлады ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің баспасөз қызметінен.

2013 жылдың 15-19 мамыры аралығында өткен қайта тестілеудің қорытындысы бойынша, 751 кандидат «А» корпусының кадр резервінен, оның ішінен 501 кандитат Қазақстан Республикасының заңнамасын білу бойынша тестілеуден сәтті өтті. Заңнаманы білудің шекті мәнінен 250 кандидат немесе тестілеуге қатысушылардың жалпы санының 33 пайызы өтпеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, кандидаттар Қазақстан Республикасының 10 заңын білуден компьютерлік тестілеуден өтеді. Бұл ретте шекті деңгейді еңсеру үшін кандидаттар әрбір заң бойынша 10 сұрақтың жетеуіне дұрыс жауап беруі қажет.

Заңнаманы білуден тестілеуден өткен кандидаттар жеке және басқарушылық машықтарын (әдептілік, коммуникативтілігі, бәсекеге бағдары және сапа бағдарын) анықтау бойынша тестілеуге жіберілді. Екінші күні кандидаттар логикалық вербальды емес тестілеуден (Равенна кестесі) және мемлекеттік тілді білу бойынша тестілеуден (ҚАЗТЕСТ) өтеді.

Тестілеу кестесі, нормативтік-құқықтық актілер тізбесі, сондай-ақ "А" корпусының кадр резервіне іріктеу ережесі агенттіктің www.kyzmet.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылған.