А. Құрманғалиева Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды

АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұжымына жауапты хатшы қызметіне жаңадан тағайындалған Аида Құрманғалиеваны таныстырды.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Ахметов Твиттерде хабарлады.

Ол 1970 жылы дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Экономикалық және әлеуметтік жоспарлау» мамандығы бойынша тәмамдады.

2002 жылы Біріккен Вена институтында (Вена, Австрия), 2008 жылы Дьюк университетінде (Солтүстік Королина, АҚШ), 2009 жылы Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінде (Сингапур) білім алды.

Өзінің еңбек жолын ҚР қаржы министрлігінде экономист ретінде қызмет етуден бастады. Әр жылдары басқарма бастығы, Қаржы министрлігінің департамент директорының орынбасары, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің әлеуметтік сала шығындарын жоспарлау және әлеуметтік саланы дамыту департаменттерінің директоры болды.

Бұл қызметке тағайындалмас бұрын А. Құрманғалиева ҚР денсаулық сақтау вице-министрі болды.