«ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінде хабарлағандай, Тбилисиде 18-19 мамырда Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Темір жол көлігі кеңесінің 64-ші отырысы өтеді.
Осы шара қарсаңында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Маминнің төрағалық етуімен Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту жөніндегі үйлестіруші комитеттің кезекті отырысы өтті.
Сөйлеген сөзінде А. Мамин ТХКМ бәсекеге қабілеттілігін дамыту, маршрутты Еуразияның маңызды көлік дәліздерінің бірі ретінде қалыптастыру маңыздылығына тоқталды.
«Осы құрылымның жұмыс істеген уақытында, 2014 жылғы ақпаннан бастап тиімді тарифтік саясат қалыптастыру, жүктерді тасымалдаудың бірыңғай технологиясын енгізу, Nomad Express бірлескен интеграцияланған логистикалық өнім құру бойынша елеулі жұмыстар атқарылды. Алғашқы транзиттік контейнерлік пойыз іске қосылды, Халықаралық транскаспий консорциумы құрылды. Транскаспий дәлізіне қатысушы елдер саны артты. Бүгін комитетте Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Румыния - жеті елден темір жол, теңіз, порттық әкімшілік, логистикалық компаниялар ұсынылды», - деп атап өтті А. Мамин.
Отырыс барысында контейнерлік, вагондық, контрейлердік тасымалдарға қатысты ТХКМ бойынша бәсекеге қабілетті ставкалар белгілеу мәселелері талқыланды.
ТХКМ маршруты бойынша тасымалдауды дамытуды, комитет қызметін ұйымдастыру мен оның тиімділігін арттыру үшін Астанадағы штаб-пәтермен ТХКМ дамыту жөніндегі үйлестіруші комитеттің тұрақты кеңсесін ұйымдастыру ұсынылды.
Халықаралық транскаспий көліктік консорциум жұмысының жоспары бекітілді. Бұл маршрут Қытайдан шығып Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия және одан әрі Еуропаға өтеді.
ТХКМ контейнерлік тасымалды дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер мен әлеуетке ие. Еуразиялық құрылықта сауданың өсуіне ықпал етеді.
Отырыс барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин бірауыздан ТХКМ дамыту жөніндегі үйлестіруші комитеттің төрағасы болып қайта сайланды.