А.Мамытбеков Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының міндеттерін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдер үшін бірыңғай "Халал" стандарттарын әзірлеу қажет. Бұл туралы бүгін Азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымы министрлері конференциясының 7-ші сессиясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

«Біздің еліміз Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының міндеттері ретінде мыналарды ұсынады: Елдеріміздің табиғи-климаттық жағдайларына және географиялық орналасуына сүйене отырып, еларалық мамандануды айқындау. Осы мамандануға сүйене отырып, біз саудалық текетірестер жүргізуді тоқтатуға, сондай-ақ халқымызды экономикалық тұрғыдан барынша қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз», - деді министр.

Сонымен қатар А.Мамытбеков Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдерге азық-түлік жеткізу шығындарын мейлінше азайтуға мүмкіндік беретін барынша тиімді көлік-логистикалық бағдарлар құру қажеттігін атап өтті.

«Бірлескен азық-түлік қорларын қалыптастыру және басқару есебінен азық-түлік бағаларын тұрақтандыру; мұқтаж елдерге азық-түлік көмегін көрсету; ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін исламдық қаржыландыру құралдарын пайдалану; Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдер үшін бірыңғай "Халал" стандарттарын әзірлеу, сондай-ақ ұлттық стандарттар бойынша өндірілген өнімнің баламалылығын тану жүйесін құру бойынша жұмысты жандандыру; ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу де ұйымның міндеттері болуы қажет», - деді А.Мамытбеков.