18:27, 23 Қыркүйек 2013
А. Мамытбеков «Даму» қорының жұмысымен келіспейді
АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков «Даму» қорының бүгінгі кейбір қаржыландыру шараларымен келіспейтіндігін жеткізді.
Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда астық диірмендерінің саны тым көп болып тұр. «Кәсіпкерлер оның барлығын кезінде көптеп салып тастаған. Соның ішінде сан алуан мемлекеттік бағдарламалар аясында бой көтерген диірмендер де бар. Сол кезде нарықтағы жағдай және нақты сұраныс дұрыс зерттелген де жоқ. Енді ол нысандардың басым бөлігі тоқтап тұр. Жалпы, диірмендердің қазіргі профициті (сұраныстан артық болуы - авт.) 60 пайызды құрап отыр», - дейді А. Мамытбеков. Оның сөзіне қарағанда, 2009 жылы «ҚазАгро» холдингі осы саладағы қаржылық саясатын толығымен өзгертті. Содан бері оның қаржысына бірде-бір диірмен салынбады. «Өкінішке қарай, бізде «Даму» қоры бар ғой, өздерінің қаржыландыру бағдарламаларын бізбен келісіп жатпайды. Ал диірмендердің профициті болып жатқан кезде, ондай өндіріске қолдау жасап, қаржыландыру дұрыс емес», - деп атап көрсетті министр.