А.Мамытбеков: Қазақстан биыл 21,5 млн. гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егеді
12:37, 09 Сәуір 2012
АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан биыл 21,5 млн. гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егеді.
Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының деректері бойынша, 2012 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 21,5 млн. гектар алқапқа себу жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 0,3 млн. гектарға немесе 1,3 пайызға артық», - деді ол.
Оның атап өтуінше, көктемгі егіс алқабы 15,8 млн. гектарды құрайды. Ал дәнді дақылдар 16,2 млн. гектар алқапта орналастырылатын болады. Сонымен қатар егістік алқабының 300 мың гектарға қысқаруы есебінен дәнді-жемдік дақылдар алқабының ұлғаюы күтілуде. Жемдік дақылдар алқабы 10 пайызға, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп 4,4 мың гектарға ұлғаяды.