А. Мешімбаева экстрадициялау шешіміне қарсы сотқа шағымданды

АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаева экстрадициялауға қатысты шығарылған шешімге қарсы сотқа шағым түсірді.

Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

«А. Мешімбаеваға келетін болсақ, маған белгілісі, ол экстрадиция туралы шешімге қатысты сотқа шағымданған. Сот оның шағымын қарап болған соң, экстрадияциялау мәселесі шешіліп қалуы мүмкін. Жалпы, Қазақстанның Бас прокуратурасымен Мешімбаеваны экстрадициялау туралы шешім бар, міне тура сол шешімге ол бүгінгі күні шағымданып отыр. Яғни, сот (ресей соты-авт.) экстрадицияны растаса, оны бізге қайтарады», - дейді Н. Сүйіндіков.

Еске салсақ, А. Мешімбаева ұлттық халық санағында мүлік сатып алуға бөлінген бюджет қаржысын жымқыруға қатысы бар деп айыпталған. 2009 жылдың қарашасында оған сырттай айып тағылып, сот санкциясымен мемлекетаралық іздеу жарияланды. Статистика агенттігінің экс-басшысы А. Мешімбаева 6 ақпанда Қазақстан қаржы полициясының халықаралық тапсырысы бойынша Мәскеуде ұсталған болатын. ҚР Бас прокуратурасы 11 ақпан 2013 жылы Ресей Бас прокуратурасына Мешімбаеваны Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін экстрадициялау туралы сұрау жолдады.