Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті директорының орынбасары Айзат Молдағасымованың айтуынша, қазақстандық азамат АҚШ-тан тамыздың 3-інде Алматы әуежайына ұшып келген. Сол рейстің барлық жолаушылары сияқты ол да тепловизордан өткен. Бірақ аурудың ешқандай белгісі тіркелмеген. Тамыздың 4-і күні өзін жайсыз сезінген ол, әскери госпитальге түскен. Науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланған. Тамыздың 5-і күні республикалық СЭС референс-зертханасында А/H1N1 тұмау вирусының штаммы оң нәтиже берді.
«Жүргізілген ем-домнан кейін қазір науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Онымен қарым-қатынаста болған бес адам анықталып, бақылауға алынды. Олардың жағдайлары ешқандай алаңдаушылық туғызып отырған жоқ», - деп атап көрсетті Ә.Молдағасымова.