А/ Н1N1 тұмауын жұқтырудан қарапайым ережелерді сақтай отырып қорғануға болады - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық қадағалау комитеті

АСТАНА. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық қадағалау комитеті және Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансы ел халқын А/Н1N1 тұмауын жұқтырудан сақтану үшін белгілі бір ережелерді сақтауға шақырады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Таратылған Үндеуде былай делінген:

«Құрметті азаматтар!

Биылғы жылдың наурыз айында Мексикада А/Калифорния-Н1N1 түріндегі тұмаудың жаңа түрімен (доңыз тұмауы) адамдардың ауырған оқиғасы тіркелді. 2009 жылғы сәуірде тұмаудың жаңа түрі әлемнің 9 елінде: Мексикада, Америка Құрама Штаттарында, Канадада, Жаңа Зеландияда, Австрияда, Германияда, Англияда, Испанияда және Израильде тіркелді.

Тұмаудың жаңа қоздырғышы өте қауіпті, адамнан адамға таралады, дер кезінде дәрігерге қаралмаса, өлімге соқтыруы мүмкін.

Сіздің, туыстарыңыздың және жақындарыңыздың   А/Калифорния-Н1N1 тұмауын жұқтырудан сақтануларыңыз үшін қарапайым ережелерді сақтай отырып қорғауға болады.

Егер сіз немесе сіздің туыстарыңыз таяу арада Оңтүстік және Солтүстік Америка, Еуропа, Австралия, Жаңа Зеландия елдеріне баратын болсаңыздар және өздеріңізді жайсыз сезінсеңіз - дәрігерге қаралыңыздар".

Егер тыныс жолдары ауруының белгілері (қызу, жөтел, баспа, мұрын бітуі, бас және бұлшық еттері аурулары, кейде құсу және іш өтуі) байқалса,  шұғыл дәрігерге көрініңіз!

Егер сізде тұмау белгілері болса, дәке пердесін киіңіз - тұмау ауа арқылы таралады, айналадағы адамдарға жұқтырмаңыз!

Дәрігерге неғұрлым ертерек көрінсеңіз, соғұрлым өзіңізбен қатысатын адамдарға зияныңыз аз болады.

Егер Сіздің балаларыңызда тұмау байқалса, мектепке жібермеңіз - дәрігерлерге көрсетіңіз»

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және көптеген елдер А (Н1N1) тұмауы таралған елдерге бармауға кеңес береді. Егер Сіз жуық арада шетелге шығатын болсаңыз маңайыңыздағы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мекемесінен ол елде немесе оның аймақтарында  тұмаудың бар-жоғы туралы ақпаратқа қанығыңыз. Мүмкіндігінше ондай жерлерде болмауға тырысыңыз.

Адамның шошқа етін пайдалануынан жұқтыруы әлемде тіркелмеген, әбден пісірілген (қуырылған!) шошқа еті - қауіпсіз!

Құрметті азаматтар!

Қазақстан Республикасының Үкіметі және Денсаулық сақтау министрлігі А/Н1N1 тұмауының елімізде таралмауы үшін барлық шараларды алуда. Тұмаудың осы түрі байқалған елден келген Қазақстан азаматтарына мен шетелдік азаматтарға қатаң бақылау орнатылды, медицина қызметкерлері қажетті көмек көрсетуге әзір, елде қоздырғышқа қарсы препараттардың барлық қажетті қоры бар.

Өз денсаулығыңызға, туыстарыңыздың және жақындарыңыздың денсаулығына абай болыңыздар - А/Н1N1 тұмауының белгілері болса, дереу дәрігерге көрініңіз.

Халықаралық індет жағдайында да біз жеке бас тазалығы ережелерін сақтай отырып, өз денсаулығымызды сақтай аламыз!».