А.Рахметулин: Сот төрелігі институтын Жоғарғы сот қарамағына берген жөн

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сот төрелігі институтын Жоғарғы сот қарамағына берген жөн. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-інде өткен брифингте ҚР Жоғарғы Соты Қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин мәлім етті.

Сот төрелігі институты магистратурасында кадрлық резервті дайындау мәселесіне тоқталған ол: «Жоғарғы сот дәл осы мамандандырылған білім беру болашақ судьялардың сапасын айтарлықтай жақсарта түсетіндігіне сенімді. Дегенмен, бүгінгі таңда Сот төрелігі институтында білім берудің нәтижесі тек құқық магистрі дәрежесін беру ғана болып отыр», - деді.

Комитет төрағасының айтуынша, оқуын тәмамдаған магистрант біліктілік емтиханын өзінің қалауы бойынша ғана тапсырады. Сонымен қатар магистр судья лауазымының бос орнын иелену үшін байқауға қатыса алады, бірақ міндетті емес.

«Біз мамандандырылған магистратураның негізгі міндеті сот жүйесі үшін біліктілігі жоғары резерв дайындау болуы тиіс деп санаймыз. Оның соңғы мақсаты кадрлық резервке алыну болуы тиіс. Ал судья лауазымының бос орнын иелену үшін байқауға қатысуды міндетті жасау қажет. Осылайша, магистратурада білім алудың нәтижесі судьялыққа кандидаттарды дайындау болуы керек. Бұл тәжірибе Францияда табысты жүзеге асырылуда. Бұған қоса, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Сот төрелігі институтын Жоғарғы сот қарамағына беру туралы ұсынысын қолдаймыз», - деді А.Рахметулин.